Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс әкімі Қызылжар ауданында болды

Өңір басшысы тұрғындармен кездесу барысында округ әкімінің міндетін атқарушы Светлана Сергейчева елді мекендерде қандай жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бүгінгі таңда округ құрамындағы 2 ауылда 8 кәсіпкер еңбек етіп, барлығы дерлік егін егу, көкөніс өсіру және мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, СҚО әкімі кездесу барысында тұрғындарға елді мекеннен көшудің себептерін жіпке тізіп берді. Ауылда тұратын адамдар үшін басты мәселе жол, су және қоғамдық көліктің облыс орталығына қатынамауы болып отыр. Бұл ретте тұрғындардың бірі бірнеше жыл бойы ауылдан автобус жүрмегенін айтып шағымданды.

– Жолға шығуға мәжбүрміз. Екінің бірі ол жаққа дейін бара алмайды ғой. Мысал, ауылда сатылмайтын дәріні алуға баруымыз керек.

Тұрғынның сауалына облыс әкімі былай деп жауап берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауданның әр ауылынан тұрақты көлік қатынасы болуын қамтамасыз етуге тырысуымыз қажет. Сондай-ақ, тұрғындардың аудан орталығынан қалаға кетуін қадағалауымыз керек. Бұл тек Қызылжар ауданы бойынша ғана емес. 1 шілдеден бастап бұл елді мекенді автобуспен қамтамасыз етуге тиіспіз. Содан кейін бұл туралы маған хабарлап айтыңыз.

Тұрғындар тарапынан ауыз су және ауыл көшелерін асфальттау жұмыстары жасалса деген сауалдар қойылды. Өңір басшысы су мәселесін шешу үшін мердігерлер анықталса жұмыстар лезде басталатынын айтып, жолға қатысты сұрақтарға да жауап берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде топтық сумен қамтамасыз етуде қиындықтар бар. Биылғы жылы біз комитетпен көп жұмыс жасадық. Мердігер анықталса, бірден жұмысқа кірісеміз. Ауылішілік жұмыстарға келсек, Новокаменканың жолын аяқтауға қаражатымыз жоқ. Сондықтан, қазір 116 млн табуды тапсырамын. Енді кірісті көбейтіп, сессияға шығарып, осы жолды бітіру үшін қайтаруымыз керек. Сондай-ақ, кем дегенде Архангельдің ішіндегі бір көшені асфальттауды да қарастыру керек.

Елді мекендердегі туындап жатқан мәселелерді шешу жолында қаржы бөлініп, әр саладағы сұрақтарды шешу үшін жұмсалып келеді. Аймақ басшысы тұрғындар жергілікті билікпен бірге туындаған сұрақтарды жұмыла шешсе кез келген мәселенің жауабы табылатынын айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Білім саласына, денсаулық саласына, су саласына – барлығына қаржы бөлініп жатыр. Әрине, бүкіл ауылға бір күнде шеше алмаймыз. Барлығы өз жолымен келеді. Сондықтан, бәрі ақырын ақырын істелінеді. Бізде істейтін шаруа әлі де көп. Барлығымыз бірігіп істеуіміз керек. Су мәселесі айтып жатырмыз, шешілмей жатыр, оны шешуге тырысу керек. Қазір қаржы көшелерге бөліп жатырмыз.

Кездесу барысында өңір басшысы отынның қымбаттауы, тұрып жатқан үйлеріне тіркеуге тұра алмай жатқан адамдардың сұрақтары назарға алынатын айтты. Сондай-ақ, жеке кәсіп ашамын деушілерге 2,5 пайызбен шағын несие берілетіні атап өтілді.

 

Алдияр Айтпаев