Жазық жердің көркін қашырып тұрған қоқыс алаңы өткен жылы жер серік арқылы анықталған. Таудай болып үйілмесе де қаншалықты шашырап жатқанын көріп жағаңды ұстайсың. Алып жатқан жері аз емес.
Мамандардың айтуынша, бұл – заңсыз пайда болған полигон.
АСНУРИЯ АБДУЛА:
– Полиэтен пакеттер, пластикалық бөтелкелер мен өзге де тұрмыстық қалдықтар. Бұл – Прибрежное ауылдық округіндегі рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі. Бірақ, жергілікті тұрғындар қоқыс тастауды жалғастыруда. Айтуларынша, бұл жер жақын орналасқан.
Бір қызығы, одан 200 метр жерде кәдімгі ресми бекітілген полигон бар екен.
Алайда, тұрғындар осы жерге тасыған ыңғайлы деген көрінеді. Бара-бара қос қоқыс үйіндісінің бір-бірімен бітісіп кететін жайы бар. Ауыл тұрғындарының өздерімен тілдесуге мүмкіндік болған жоқ. Округ әкімі Дәурен Рамазановтың айтуынша, қоқыс төгіп жүрген жандармен талай түсіндіру жұмысы жүргізілген.
ДӘУРЕН РАМАЗАНОВ, Прибрежное ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Прибрежное ауылында 1700-ге жуық халық бар. Ауыл маңайында қоқыс төгуге арналған арнайы жер бөлінген. Көлемі – 4 гектар. Құжаттары түгел дерлік бар. Бірақ, халық ол жерге емес, осы алаңға төгіп кетеді. Шұғыл түрде тұрғындарға жиналыс жасаймыз және жинау жұмысын жүргіземіз.
Заңсыз пайда болған қоқыс алаңы талай тазартылған. Бірақ, баяғы жартас – сол жартас. Қоқыстың көзі жойылмай тұр. Округ әкімі де, экологтар да бұл мәселемен күресіп дал. Амал жоқ, азаматтардың экологиялық мәдениетін көтеру үшін оларды жауапкершілікке тартудан басқа амал қалмады деп отыр.
НАТАЛЬЯ АРЖАННИКОВА, СҚО бойынша экология департементінің бас маманы:
– Осы жағдайға байланысты айыпты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша полиция департаментіне хат жолдаймыз. Соның негізінде тиісті шара қабылданады.
Әуелі ескерту беріліп, кейін айыппұл салынады. Сондай-ақ, қоқыс төккіш жандарды анықтау мақсатында аумаққа тіпті камера қою ойластырылып жатыр. Жалпы, облыста өткен жылы заңсыз пайда болған 232 қоқыс алаңы анықталып, 224-і жойылған.
Аснурия Абдула