Спорт

Әлем чемпионатында атой салған каратешілерге құрмет көрсетілді

Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен каратешілер мінген тікұшақ әуежайға келіп тоқтады. Саңлақтарды күтіп алуға біршама кісі жиналған. Әйтпегенде ше? 45-тен асқан қос нәзікжанды жаһандық жарыста ел мерейін асырды. Бірі алтыннан алқа тағынса, екіншісі күмісті қанжығаға байлады.

Ел мақтаныштарына лайықты құрмет көрсетілуде. Спортшыларға гүл шоқтары беріліп, толассыз тілектер жаудырылып жатыр. Людмила Бутенко Жапонияның Токио қалсында өткен байрақты бәсекеде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жарыс барысында ол 3 кездесу өткізіпті.

ЛЮДМИЛА БУТЕНКО, каратеден әлем чемпионы:

– Қос кездесуді жарыс қожайындарына қарсы өткіздім. Финалда Светлана Малихтаровичпен кездестім. Ақтық сында ұпай санымен басым түстім. Әрине, бір елдің, бір өңірдің намысын қорғағаннан кейін Светланамен татамиға шығу қиын болды.

Қос спортшы да 45 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Қос каратешінің алға қойған мақсаттары айқын. Спортшылар әлі талай жарысқа барып, көк туды желбіретуге ниетті. Светлана Малихтаровичке бұл жарыс ұмытылмас әсер қалдырған. Себебі, бұл – оның алғашқы әлем чемпионаты.

СВЕТЛАНА МАЛИХТАРОВИЧ, каратеден Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

– Дода спортшыларының дені – қара белбеу иегерлері. Барлығы шеттерінен мықты. Жеткен жетістіктері де менен көп. Соған қарамастан ішкі қорқынышымды жеңіп, бар күшімді салып, өнер көрсеттім.

Әлем чемпонатына 49 елдің мықтылары қатысқан. Айта кеткен жөн, бұл дода 4 жылда 1 рет ұйымдастырылады екен.

 

Гульден Симбаева