Тимур Зверяченко – Қозыбаев университетінің доценті. Ғылым бағытындағы арманы – сирек кездесетін өсімдік өсетін дендропарк жасау. Назарбаев университетінің кампусын абаттандыру жөніндегі жобаға қатысып, екі бірдей грант жеңіп алыпты. Бағдарламаның мақсаты – кампусты экологиялық және эстетикалық тұрғыда жетілдіру. Педагог бұл мәселеге шығармашылықпен қарап отыр.
ТИМУР ЗВЕРЯЧЕНКО, Қозыбаев университетінің оқытушысы:
– Университет маңайында шағын дендропарк салуды ұсындық. Біздің өңірде кездеспейтін сирек тұқым түрлерін таптық. Мәселен, Солтүстік Американың климаты біздікіне жақын. Өсімдіктерді сол жақтан алып келдік. Сондай-ақ, альпілік ормандардан да өсімдік әкелдік.
Мәселен, еуропалық балқарағай. Биіктігі 25 метрге дейін жетеді, ал өмір сүру ұзақтығы 800-ден 1000 жылға дейінгі аралықты құрайды. Қарағай тұқымдастарының арасында аязға төзімді, -43 градус температураға шыдай алады. Ағаштың жанында тыныс алу өкпеге пайдалы. Павел Дмитриев те өзінің ғылыми жобасын ұсынды. Нақтырақ айтсақ, көл түбіндегі шөгіндіден тыңайтқыш алудың жаңа әдісін әзірледі.
ПАВЕЛ ДМИТРИЕВ, Қозыбаев университетінің оқытушысы:
– Жаңашылдық енгіздік десек болады. Бәрі су түбіндегі шөгіндіні тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Біз сол шөгіндіден экстракт алдық. Негізі, сығынды өсімдікке қажет қоректік заттан тұрады. Экстрактың жасыл желек үшін пайдасы мол.
Тәжірибе барысында өңірде өсетін дәнді дақыл мен көкөніс пайдаланылады. Мамыр айында Павел Дмитриев шаруа қожалықтарымен бірлесіп зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Көлдердің түбінен алынған шөгінді – экологиялық тұрғыда таза және қолдануға ыңғайлы болып табылады.
Самал Жунусова