Бүгін ел бойынша шахматтан республикалық челлендж ұйымдастырылды. Ауқымы мыңдаған мектепті қамтыған шарадан петропавлдық білім ұялары да шет қалмады. Бұл – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектеп. Сағат 12-ге жақын аталған мекеменің 8-11 сынып оқушылары бір кабинетке жиналды. Ұл-қыздар ортада шахмат тақтайшаларын ашып, ойынға кірісті. Фарида Мурзахметова аталған спорт түріне ерте жастан жақын. Ойын барысында бұрымды ойының жүйрігімен көзге түсті.
ФАРИДА МУРЗАХМЕТОВА, оқушы:
– Мен бала кезден шахматқа жақынмын. Себебі, отбасы мүшелерім де бұл спорт түріне қызығады. Демалыс күндері өзара мықтыны анықтап тұрамыз.
Шараға қатысып жатқан балалардың дені – шахмат ойнауды енді үйреніп жатқандар. Дмитрий Загинцев болса, бұл спорт түрінің қыр-сырын жетік біледі. 10-сынып оқушысы қалалық, облыстық сайыстарда 14-ші мектептің абыройын қорғайды.
ДМИТРИЙ ЗАГИНЦЕВ, оқушы:
– Шахматты көп ойнаймын. Бұл спорт түрі ойлау қабілетін жақсартады. Шахмат ойнаған кезде аса мұқият болу қажет. Бір шалыс жүріс ойын барысын өзгертіп жібереді.
Челленджге мұғалімдер де қатысты. Мектеп директоры бір мезетте 5-6 баламен ойнады. Ойынның бұл түрі “уақытша ойын сеансы” деп аталады
СЕРГЕЙ МАРТЕМЬЯНОВ, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің директоры:
– Бүгінгі өтіп жатқан челлендждің маңызы өте зор. Шахмат ойыны балалардың ой-өрісінің дамуына ықпал етеді. 1-2 жылдан кейін бұл спорт түрі мектептерде арнайы сабақ ретінде енгізілсе нұр үстіне нұр.
Жалпы, қазіргі таңда 14-ші мектепте шахматтан үйірме ашу мәселесі қарастырылып жатыр.