Құқық қорғау органдары

Полиция қызметкерлеріне деген сенім бар ма?

Өз қалаңызда өзіңізді қаншалықты қауіпсіз сезінесіз? Тосыннан қойылған сауалға әркім әрқалай жауап берер. Бұл сұрақтың жауабын білу үшін полицейлер мен мамандардың ерікті көмекшілері қала көшелеріне шығып, сауалнама жүргізді.

ПЁТР АКСЁНОВ, қалалық ПБ бас нұсқаушысы:

– Бұл іс-шараның мақсаты – қала халқының құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша одан әрі талдау жүргізу. Сондай-ақ, полиция қызметкерлеріне деген қоғамдық сенімнің қандай екенін анықтағымыз келді.

Тұрғындардың бірі тосыннан қойылған сұраққа көшеде жауап берсе, енді бірі сауалнамаға онлайн форматта қатысты.

ЖАҚСЫЛЫҚ БАЙБОСЫНОВ, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Сауалнама барысында біздің азаматтарымызды тұрғылықты жерінде не мазалайтынын білгіміз келді. Жауаптарды ескере отырып, қауіпсіз аумақтарды құрумен айналысамыз.

Сауалнамаға қатысқандардың 40%-ы 28 жасқа дейінгі жастар екен. Жалпы, тұрғындардың шамамен 80%-ы тұрғылықты жерінде өздерін қауіпсіз сезінеді. Көптеген қала тұрғындары нақты тілектерін білдірді. Полиция патрульдері мен учаскелік полиция пункттерін, бейнебақылау камераларын, әсіресе, “SOS” түймелерінің санын көбейту қажет деді.

ДАНАГҮЛ САДЫҚОВА, қала тұрғыны:

– Тұрғындар кез келген сәтте көмек сұрап бара алатындай учаскелік пункттер көп болғаны дұрыс. Сауалнаманы жиі өткізіп тұру қажет.

Сауалнама барысында айтылған әр өтінішті полиция қызметкерлері назарға алды. Бұл қоғамдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ықпал етпек.

 

Алдияр Айтпаев