«Кедергісіз келешек». «AMANAT» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Жүздесуде мүмкіндігі шектеулі жандар толғандыратын мәселелері бойынша сұрақ қойды. Ольга Ослопова
кембағал ұлын өзі жалғыз тәрбиелеп отыр. Бүгін ол 18 жастағы баласына мүгедектік тобын беру бойынша жүгінді. Ұлын үйде жалғыз қалдыра алмаған соң кездесуге онлайн қосылды.
ОЛЬГА ОСЛОПОВА, Булаев қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:
– Балам 2012 жылы жарақат алып, мүгедек болып қалды. Сол кезде дәрігерлер оған 3-ші топтағы мүгедектік берді. Енді биыл баламның 18 жасқа толуына байланысты сараптама жүргізіліп, мамандар мүгедектігін алып тастады. Бірақ, баламның психикалық жай-күйі аса емес, көп дүниені ұмытып қалады, өзін-өзі ұстай алмайды.
Бейінді департамент басшысының орынбасары Елена Сүгірованың айтуынша, мамандардың мүгедектікті алып тастауына құжаттардың жеткіліксіздігі себеп болған.
ЕЛЕНА СҮГІРОВА, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Ұлыңыз тиісті құжаттарды толық тапсырған жоқ. Тек кезінде алған жарақаты жайында ғана құжат ұсынды. Бұл жеткіліксіз. Балаңыз экспертизадан қайта өтуге құқылы.
Ольга Ослопованың баласы тиісті сараптамадан 3 ай ішінде өтуі тиіс.
Аманаттықтарға келесі болып Ильдар Кошапов жүгінді. Ер адам – 2-ші топтағы мүгедек. Көлік жүргізушісі болып еңбек етеді, жұбайы – дүкенде сатушы. Мектеп жасындағы 2 бала тәрбиелеп отыр. Ата-анасының қос бөлмелі пәтерінде барлығы бірге тұрады.
ИЛЬДАР КОШАПОВ, қала тұрғыны:
– 2008 жылдан бері пәтер алу үшін кезекте тұрмын. Кезегімізді күтіп жүргенімізге 15 жыл болды. Әлі ала алмай жүрміз. 6 адам кішкентай пәтерде тұрған қиын. Өте тар. Мүгедек болғандықтан көбі жұмысқа алмайды. Сол себепті, жүргізуші болып қана орналаса алдым.
Патрия өкілдері азамат пәтерді биыл алады деп сендірді. Тек сәл күте тұру қажет. Айтуларынша, кезек келіп тұр. Жалпы, қоғамдық қабылдауға 5 адам келді.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, облыс әкімі кеңесшісінің мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі жөніндегі орынбасары:
– Осы жылдан бастап 145 өтініш түскен болатын. Әлеуметтік бағдарламаларға сәйкес оларға консультация ретінде жауап беріп жатырмыз немесе бейінді органдармен бірге қосылып шешіп жатырмыз. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың тобын орналастыру, кезінде пәтер берген кезде коляскада отырғандарға 3 қабатта пәтер берген екен. Қазір оларда қиындықтар туып жатыр. Сол мәселелерді шешетін боламыз. Олардың мәселелерін қарастырған кезде алдымен заң жағынан қарау керек. Себебі, мүгедектігі бар жандар өңірімізде өте көп. Сондықтан, заңға қайшы етпей оларға көмектесуге тырысамыз.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық қабылдау тоқсан сайын өткізіледі. Кездесу «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылуда.
Самал Жунусова