Спорт

Жөсөспірімдер арасында баскетболдан облыс чемпионаты өтуде

Петропавлда 2010-2011 жылғы туған балалар арасында баскетболдан облыс чемпионаты өтуде. Оған 8 команда қатысып жатыр. Олардың 4-еуі – аудандық ұжымдар.

ПАВЕЛ АНТОНЕНКО, баскетболдан облыс командасының аға жаттықтырушысы:

– Жасөспірім спортшыларымыздың аяқ алысы көңіл қуантады. Әр командада мықты ойыншылар бар. Жақында Ақмола облысында өтетін турнирге барамыз. Жарыста өңіріміздің намысын осы чемпионатта көзге түскен балалар қорғайды.

Қазір алаңда петропавлдық “Жеңіс-2” мен Уәлиханов ауданының командасы ойнауда. Жасөспірімдер желдей жүйрік. Мергендіктері де жоғары деңгейде. Допты сақина үстінде шыр айналдырып, дөп салуда. Алғашқы кезең 7 де 23 есебімен аяқталды. Әзірге, Максим Загаевский бастаған балалар жеңілуде. 11 жастағы спортшыны баскетбол залына алғаш баскетболшы әкесі әкеліпті. Қазір Максим – құрамадағы үздіктердің бірі. Бірінші периодта 4 мәрте көзге түсіпті.

МАКСИМ ЗАГАЕВСКИЙ, “Жеңіс-2” командасының ойыншысы:

– Қазір күш жинап, ойынды өзгертуге тырысамыз. Қарсыластырымыз осал емес. Тартысқа толы алдағы кезеңдерге есе жібермеуіміз қажет. Өзім болашақта Қазақстанның намысын қорғайтын спортшы болғым келеді. Ол үшін аянбай еңбек етемін.

Алайда, уәлихановтық жастар жеңісті қолдан бермеді. Петропавлдық баскетболшылар қанша тырысқанымен матч 16 да 38 есебімен аяқталды.

АБДУЛҚАДІР ХИСОМИДЕНОВ, Уәлиханов ауданы командасының ойыншысы:

– Менің жасым 13-те. Баскетболмен 10 жасымнан бастап айналысамын.

Баскетболдан жөсөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты ертең мәресіне жетеді. Үздік ойын көрсетіп, көзге түскен балалар облыс құрамасына қабылданады.

 

Аснурия Абдула