ТЖ

Тепличное ауылында бөгет тұрғызылып жатыр

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Біз қазір Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылындамыз. Елді мекенді тасқын судан қорғау үшін мұнда арнайы бөгет тұрғызылуда. Дамбаның биіктігі 6 метрді құрамақ.

Инженерлік жұмыстар 1 апта бұрын басталған. Содан бері мұнда күн-түн демей 40 адам мен 6 бірлік техниканың көмегімен дамба тұрғызылуда. Ені 8 метрге жететін, ұзындығы 1 шақырымдық бөгетті салу үшін 5,5 мың текше метр балшық әкелінген. Айта кетейік, Тепличное ауылында 300-ге жуық үй түтін түтетіп отыр.

АХМЕТХАН ТОБЫЛБАЕВ, Қызылжар ауданы әкімдігінің жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау жөніндегі бас инспекторы:

– Қызылжар ауданының аумағында су басуы мүмкін 15 ауыл бар. Үшеуіне еріген қар суы келуі мүмкін, ал қалғаны Есіл өзеніне жақын орналасқан. Қазір топырақтан үйінді бөгет жасау жұмыстары Бескөл мен Семипалатное ауылдарында жүргізіліп жатыр.

Іске жұмылдырылған 40 адамның 20-сы – әскерилер. Барлығы бірігіп инертті материалмен толтырылған 12 қап әзірледі.

ЖАНАТ ДОНАНОВ, Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы:

– Жұмыстар Семипалатное, Новоникольское мен Соколовка ауылдарында жүргізілуде. Ол жерлерде де қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инертті материалмен толтырылған қапшықтар дайындалып жатыр. Қазіргі таңда Сергеевка мен Новоникольскоеға су жетті.

Есіл өзенінің тасуына байланысты облыс орталығындағы 3 шағын ауданды су басу қаупі жоғары. Онда 5 мыңнан астам адам тұрады. Атап айтқанда, бұл Ойқала, Былғары зауыты мен Заречный кенттері. Соңғысында 2020 жылы ұзындығы 1,5 мың метрді құрайтын үйінді бөгет салынған. Оның биіктігі 3 метрге жуықтайды. Бөгетті мамандар жыл сайын тығыздап, нығайтып отырады.

ДЕНИС МАРШАЛОВ, «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш» КМК директорының орынбасары:

– Жыл сайын бөгетті ақ сазбен тығыздаймыз. Биыл бұл іске 15 адам мен 10-нан астам техника тартылды. Шаруаға өткен аптада кірістік. Екі-үш күнде аяқтаймыз.

Сондай-ақ, Қызлжар ауданында 13 эвакуациялық қосын құрылған.

 


Самал Жунусова