Облыстық полиция департаментінің бастығы аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті. Жүздесуде Айдын Қабдұлдинов тәртіп сақшыларына әдеп кодексін қатаң сақтау мен сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмау жайлы айтты. Бұған жақында министрліктің алқа отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тоқталған болатын.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Министр қауіпсіздік департаментіне ұдайы рейдтік, профилактикалық іс-шаралар жүргізуді, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын өткізіп тұруды тапсырды.
Бұл өз кезегінде заңның ала жібін аттаған полицейлерді анықтауға септеседі. Айдын Қабдұлдинов құқық қорғау орган мамандарына тиісті жағдай жасалып жатқандығын атап өтті. Сондықтан, тәртіп сақшылары өз кезегінде міндетін адал әрі сапалы атқаруы керек.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Жемқорлыққа жол беріп, пара алған қызметкер ішкі істер органдарынан қуылады. Сыпайылық танытпай, адамдармен дөрекі түрде сөйлесетін болсаңыздар, тәртіптік жауапкершілікке тартыласыздар. Бұның барлығы “Integrity check” атты арнайы жоба аясында жүргізіледі.
Полиция департаменті өкілдері ескерткендей, тәртіп сақшылары тарапынан тіркелетін заң бұзушылықтар бойынша солтүстікқазақстандықтар экранда көрсетілген нөмірлер арқылы хабарласа алады. Жүгінген адам оқиғаның орны мен күнін білу қажет.
8 (7152) 61-26-89; +7-700-161-26-89
Самал Жунусова