Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс әкімі өңірдегі абаттандыру жұмыстарын сынға алды

Облыстық әкімдікте өткен жедел кеңесте аймақ басшысы Айдарбек Сапаров Петропавлдағы және облыс аудандарындағы абаттандыру жұмыстарына жауапты жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сынға алды. Өңір жетекшісі 20 сәуірге дейін барлық елді мекендерді қоқыстан тазартып, тәртіпке келтіруді тапсырды. Оның орындалуын бақылауды өзінің бірінші орынбасарына жүктеді. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жедел кеңесте өңірдегі абаттандыру жұмыстары дұрыс жүргізілмей жатқанын тілге тиек етті. Аймақ басшысы қираған мәдени ескерткіштер, сынған аялдамалар, облыс орталығы мен аудан көшелерінен шығарылмаған қоқыс жәшіктері мен шөбі өсіп кеткен спорт алаңдарын сынға алды. Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров жаңа нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына кіріспес бұрын қолданыстағы ғимараттарды ретке келтіру қажеттігін атап өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінгі күні облыс орталығы мен аудандардағы абаттандыру жұмыстары көңіл көншітпейді. Көшелерде де, мемлекеттік және жеке мекемелердің маңайында да қоқыс жатыр. Қоқыс жәшіктері толы. Көшелер тазаланбайды, коммуналдық сала мамандары қалада мүлде көрінбейді. Автобус аялдамалары лас, сынған. Неге оның сынбауын ешкім қадағаламайды? Облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен абаттандыру комиссиясын ұйымдастыруды тапсырамын. Елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша үш айлық жариялансын. Аудан және қала әкімдері барлық елді мекендерді абаттандыру жұмыстарын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдасын. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт басқармалары іргелес аумақтарды дұрыс күтіп ұстау мәселесін бақылауға алулары керек. Барлық мектеп пен спорт нысандарында, ауруханаларда тазалық сақтауға арналған қажетті құрал-жабдықтар бар. Полиция департаменті абаттандыру ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға алуды күшейтсін.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – өрт қаупі кезеңіне дайындық. Сәуір айынан бастап ТЖД мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өрт шығу қаупі бар аймақтарда қамыс шабуға кірісті. Бірақ мұнда да жұмыс тым баяу жүргізілуде деді облыс әкімі Аайдарбек Сапаров.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Төтенше жағдайлар департаменті облыс әкімі аппаратының азаматтық қорғау бөлімімен бірлесе отырып, халықпен профилактикалық жұмысты күшейтсін. Өрт гидранттарына, су қоймаларына және су алуға арналған пирстерге түгендеу жүргізілсін.

Айдарбек Сапаров аталған жұмыстардың барлығы 20-сы сәуірге дейн орындалып, кейін есеп беруді тапсырды.