БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– VIII сайланған Парламенттің жұмыс істеп жатқанына да 2 жұма болып қалыпты. Тарихи сайлауда жеңіске жеткен депутаттар өзекті мәселелерді көтеруде. Халық пен билік арасындағы берік көпір атанғысы келген жандардың алдында зор міндет тұр. Олар Президенттің тапсырмасы бойынша ауқымды істің басын қайыруы тиіс.
VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды салаларға тоқталғаны елдің есінде. Сол жиында бірсыпыра тапсырма берілді. Солардың бірі мұқтаж жандарға қатысты. Алдағы уақытта Қазақстанда асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысы артады. Ерекше қажеттілігі бар жандар да ұмыт қалмайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет.
Өкінішке қарай, өңірімізде тағдырдың тәлкегіне ұшыраған адамдардың саны аз емес. Олардың жәрдемақылары да мұз көңілді жібітпейді. Қолда бар дерекпен бейінді департамент басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева бөлісті.
ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Облысымызда ерекше қажеттілігі бар 25 мыңнан астам адам тұрады. Оның 2300-ден астамы – бала. Мүгедектік бойынша төлемнің бірнеше түрі қарастырылған. Алғашқысы – бірінші деңгей (базалық). Жәрдемақының орташа мөлшері 58 мың теңгеден асады.
Тағы екінші және үшінші деңгей бар. Ескерер жайт, Президенттің тапсырмасы аясында барлық деңгейдегі төлем ұлғаяды. Арнамызға берген сұхбатында Гүлбақыт Манабаева асыраушысынан айырылу бойынша тағайындалатын жәрдемақы көлеміне де тоқталды.
ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
– Біздің облысымызда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны алушылар саны 5800-ден асады. Жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне және отбасындағы еңбекке қабілетсіз адамдардың санына байланысты тағайындалады.
Үкімет жәрдемақыны көтеру жайын ойластырса, ал депутаттар аса маңызды істің жүзеге асырылуын бақылауда ұстауы міндетті. Себебі, Президент тапсырмасының жоспардағыдай орындалуы әрі мемлекеттің әр тиыны діттеген жерге жетуі қажет. Яғни, көмек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілуі керек. Еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауы тиістігін мемлекет басшысы қадап айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн. Бұл ретте еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек.
Демек, Парламент пен Үкіметті ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Байболат Култанов