Ауыл шаруашылығы

Астаналық студенттер Аққайың ауданында тәжірибе толықтыруда

Өткен аптада «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» серіктестігінің жұмыс күші артты. Аққайың ауданына өндірістік тәжірибеден өту үшін арнайы Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 25 студенті келді. Қазіргі таңда болашақ агроинженерлер станциядағы іске араласуда. Мәселен, жастардың бір бөлігі “John Deere” техникасының дөңгелектерін ауыстырып жатыр. Шаруаға білек сыбана кіріскендердің бірі – Нариман Қайролла. Павлодар өңірінің тумасы трактор, комбайнға бала күннен әуес.

НАРИМАН ҚАЙРОЛЛА, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті, Астана қаласы:

– Отбасымның жеке шаруашылығы болған. Мал шаруашылығымен, егін шаруашылықпен айналысатын. Соған өзім қызықтым. Сол себепті, Астанадағы университетке түстім. Келгенімізге 1 апта болды. Университетте өткен сабақтарымызды практикада қолданып, жұмыс істеп жатырмыз. Бәрі ұнап жатыр.

Жігіттердің бір бөлігі машина-трактор станциясында жүр. Олар мұнда “К-700”-дің қозғалтқышын жинауда. Олқылықты анықтаған студенттер бүгін істі бітіріп, басқа шаруаға кіріспек. Нұржан Әміржан – Қостанай облысының тумасы. Түлек биыл диплом алғасын туған ауылына барып, ел игілігі үшін еңбек етемін деп отыр.

НҰРЖАН ӘМІРЖАН, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті, Астана қаласы:

– Бригадирлерге рахмет! Өте тәжірибелі мамандар екен. Жақсы дайындап жатыр. Түсінбей жатқан жерлерімізді сұраймыз. Қарсылық танытпайды, үйретеді.

Жалпы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» серіктестігі 2018 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста. Яғни, өндірістік тәжірибеден аталған білім ордасының студенттері биыл 5-ші жыл аққайыңдар өлкесінде өтіп жатыр.

ҚАДЫРБЕК ВОЛОДЯ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы, Астана қаласы:

– СҚО-ның ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Техникалық қауһары мықты. Мамандары да тәжірибелі. Студенттердің бұл жақтан алары мол деп ойлаймыз. Айта кетейін, қазір бұл серіктестікте біздің университетті тәмамдаған студенттер жұмыс істеп жүр.

Жастардың өндірістік тәжірибеден еш қиындықсыз өтулері үшін серіктестік жайлы жағдай жасап отыр. Студенттер өткен жылы қолданысқа тапсырылған су жаңа жатақханада тұрады. 3 мезгіл тегін тамақтанады. Кешкісін спортпен айналысуларына да мүмкіндік бар.

БАУЫРЖАН ДІЛДЕБАЕВ, «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Әзірге студенттерге ұсақ-түйек жұмыстар берілуде. Жастар өздеріне жүктелген істі ойдағыдай орындап жатыр. Жігіттердің жұмыс істеуге ынталары болса, алдағы уақытта біздің серіктестікке жұмысқа орналаса алады. Қазіргі таңда бізге 3 механизатор керек.

Университет түлектері өңірде 28-ші сәуірге дейін білімдерін толықтырады. Олардан кейін станция 25 студенттен тұратын тағы бір топты қабылдайды. Айта кетейік, жігіттер бұзып-жинап жатқан техника – өндірістік тәжірибеге арналған көліктер.

 

Алдияр Айтпаев