Экономика және қаржы

Жастарға шағын несие беру жөніндегі алғашқы комиссия отырысы өтті

“Жастарды шағын несиелеу”. Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде осындай бағдарлама бастау алды. Бүгін облыс орталығында қыз-жігіттерге кредит беру жөніндегі алғашқы комиссия отырысы өтті. Виктория Моргунова – кәсіп бастағысы келетіндердің бірі. Жамбыл ауданының тұрғыны ауыл шаруашылын дамытқысы келеді. Оның сиыр мен қой өсіруде тәжірибесі бар, енді жылқы байлап, қымыз сапырсам дейді.

ВИКТОРИЯ МОРГУНОВА, Пресновка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Ауыл шаруашылығымен айналысу өте тиімді. Жылқы ұстағым келеді. Бізде шөп шабуға арналған техникаларымыз бар. Яғни, азық дайындауда проблема жоқ. Сондықтан, осы бағытты таңдауды жөн көрдім.

Жалпы, алғашқы отырыста 5 адамның бизнес-жобасы қаралды. Дені қызмет көрсету саласымен байланысты. Айта кетейік, тың бағдарлама арқылы жастар әртүрлі бағытта несие рәсімдей алады. Займ бастау алған істі әрмен қарай дамыту үшін де беріледі.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Биыл облыс бойынша 130 адамға несие беру жоспарлануда. Бұл мақсатқа 650 млн теңге қарастырылған. Мал шаруашылығына несие 7 жылға дейін, ал басқа бағыттарға 5 жылға дейін беріледі. Жастар 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін кредит ала алады.

Жиын барысында комиссия мүшелері жастарға сұрақтарын қойды. Соңында олар жобаларды қолдау немесе қолдамау бойынша дауыс берді.

 

Самал Жунусова