Өткен жылдың соңында тәртіп сақшыларына 18 жастағы жігіт жүгінген. Оны бәз біреулер қорқытып, 40 мың теңге бопсалаған. Бұзақылар биыл анықталыпты. Қазіргі таңда 17 жастағы үшеуге қатысты ҚР ҚК «Қорқытып алу» бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Саяжайдағы жағдай әлі елдің есінде. Жылдың басында Петропавлдағы жазғы үйлердің бірінен 2 еліктің денесі мен 41 тері, 119 тұяқ пен 12 бас тәркіленді. Бұл фактіні тергеп-тексеру кезінде құқық бұзушылардан оқ-дәрі мен қару-жарақ та табылыпты. Ойын-сауық орындары – мамандардың жіті бақылауында.
ЖАНДОС БАСЫБАЕВ, СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы:
– Бұл орындарға келгендер заңсыз іс-әрекет жасауға әуес болады. Биыл қаңтар айында күзет қызметі мен демалуға келгендерді қорқытқан 22 жасар азамат жауапқа тартылды. Түрлі бұзушылық жасағаны үшін ұсталған адамның 8 рет жауапқа тартылғаны белгілі болды.
Статистика көрсеткендей, көптеген қылмыс маскүнемдіктің кесірінен орын алады. Сол себепті, өңір мамандары көлеңкелі бизнеспен күресті күшейткен. Нәтижесінде жыл басынан бері 2 140 литрден астам алкоголь мен 5 329 қорап темекі заңсыз айналымнан алыныпты.
ЖАНДОС БАСЫБАЕВ, СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы:
– Бүгінгі таңда тергеу әрекеттеріне байланысты барлығын айта алмаймыз. Қылмыс жасағаны үшін жауапқа тарту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету принципіне бағытталған жұмыс одан әрі жалғасады.
Алкоголь мен темекіні тәркілеу біраз күш-жігерді талап етіпті. Басқарма өкілдері қылмыстық схемаларды әшкерелеу үшін жедел-іздестіру іс-шараларының тұтас кешенін жүргізген.
Гульден Симбаева