Білім

Петропавлдықтар халықаралық диктант жазу акциясына қатысты

Петропавлда алғаш рет халықаралық диктант жазу акциясы өтті. Ауқымды шара бүкіл елді қамтыды. Оған шетелдіктер де қатысты. Бір мезетте барлығы – 100-ге жуық мемлекеттің азаматтары диктант жазды. Облыс орталығында шара ЛОРД мектеп-лицейі мен Солтүстік Қазақстан университетінде ұйымдастырылды.

ЮЛИЯ ПЛЕСКАЦЕВИЧ, ЛОРД облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің орыс тілі пәні мұғалімі:

– Дүниежүзін қамтитын халықаралық диктант жазу акциясы 20 жыл бойы өткізіліп келеді. Әдетте 100-ге жуық ел азаматтары қатысады. Бір мемлекетте бірнеше жерде ұйымдастырылуы мүмкін. Өтетін орын саны кейде 600-ге жуықтайды. Ал қатысушылардың саны миллионнан асып түседі.

Диктантқа сауаттылығын сынау мақсатында 90-нан астам петропавлдық қатысты. Дені – оқушылар мен студенттер. Диктант Қиыр Шығысты зерттеуші, саяхатшы және жазушы Владимир Арсеньев туралы жайлы болды.

АНГЕЛИНА ЛУЗАНОВА, оқушы:

– Бірінші рет қатысып отырмын. Шара көлемі жағынан ауқымды болғандықтан аздап толқу болды. Уақыт өте келе толқуымды жеңе алдым.

Қатысушылардың арасында оқу орындарын тәмамдаған, тіпті, жауапты салалардың жүгін арқалап жүрген 3 адам болды. Соның бірі – 38 жастағы кардиолог-дәрігер Динара Мұхамеджанова. Орыс әдебиетін қолынан тастамайтын азаматша диктант жазғанды жаны сүйетінін айтады. Бұған дейін мұндай шараға 5 рет қатысыпты.

ДИНАРА МҰХАМЕДЖАНОВА, кардиолог-дәрігер:

– Менің диктант жазуда бірнеше жылдық тәжірибем бар. Алғаш рет 2018 жылы Алматы қаласында жаздым. Бұл шара туралы кездейсоқ білдім. Маған бірінші қатысқаннан-ақ ұнады. Бұған дейін онлайн режимдегі диктанттарға қатысып жүрдім.

Қатысушылар жұмыстарының нәтижесін 13-ші сәуірден кейін біле алады. Акция алдағы уақытта жалғасын табады.