БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Қызылжар” биылғы маусымды өте сәтті бастады. Артта 4 тур қалды, яғни, 4 ойын ойналды. Соның барлығында петропавлдық ұжым жеңіске жетті. Соңғы кездесуде азулы деген “Ақтөбені” тізе бүктірді. Матч 1 де 3 есебімен аяқталды. Бүгін қаламызға “Атырау” командасы келіп отыр. Жайық жағасының жігіттері өткен турда көкшетаулық “Оқжетпеске” 0 де 4 есебімен ұтылып қалды. Сондықтан, бүгін жеңіске жетуге тырысады. Қызықты матчты бірге тамашалайық.
Матч біз күткендей өте қызықты болды. Күннің суығына қарамастан “Жастар” стадионына жиылған жанкүйерлер алғашқы таймда біршама қауіпті сәттің куәсі болды. Допты көбінесе алаң иелері ұстады. Тиісінше, жергілікті жігіттер қарсылас қақпаның алдын жиі торуылдады.
Дегенмен, сәттілік серік болмады. Доп негізінен нысанадан қиыс немесе биік ұшты. Бірақ, бұдан көңіл түспеді. Қарсылас қақпаның құлпы бір ашылатынын сезген жанкүйерлер қолдауларын бір сәтке де үзбеді.
Сонымен, бірінші тайм 0 де 0 есебімен аяқталды. “Қызылжардың” сәтті сериясы осымен аяқтала ма? Төреші ысқырығы шалынған сәтте көпшілікті осы сұрақ алаңдатты. Себебі, бұған дейінгі матчтардың барлығында жерлестеріміз алғашқы таймда гол соққан еді.
– Біздің команда қазір бірінші орында тұр. Бірінші сатыдан түспесін. Бүгін есеп 1 де 0 болады ғой деп ойлаймын.
– Осы ойынды күттік. Бірінші тайм маған ұнады. Екінші таймда бірнеше гол соғамыз деп ойлаймын.
– Мен жергілікті командаға “Аксесс-Голден Грейн” деп аталған шағынан жанкүйермін. Осыдан бірталай жыл бұрын клубымыз біріншілікті осылай сәтті бастаған еді. Жеңістеріміз көп болсын!
“Көп тілегі – көл” демекші, екінші таймда қызылжарлықтар қарсыласты тығырыққа тіреді. Қауіпті сәттердің бірінде атыраулық қақпашы ойын ережесін бұзуға мәжбүр болды. Мұны анық көрген төреші ойланбастан пенальти нүктесін көрсетті. Жанкүйерлер ду ете түсті.
Пенальтиден солақай Витор Пернамбуко мүлт кетпеді. Осы сәтте стадиондағы халықтың төбесі көкке бір елі жетпей қалдайды. 1 де 0 есебі матчтың соңына дейін сақталды. Осылайша, “Қызылжар” кезекті жеңіске жетті, кезекті 3 ұпайды қоржынға салды. Ойыннан кейін футболшылар алғыс білдіру үшін “15-ші аймақ” жанкүйерлер қозғалысы орналасқан тұсқа жақындады. Мұнда құрылғандарына 8 жыл толып отырған топ ұжымға торт сыйлады.
ЕРКІН ТАПАЛОВ, “Қызылжар” ФК капитаны:
– Қазір көшбасшымыз. Бізге барлығы ерекше дайындалады. Бұл бізге мотивация дегім келеді. Мақсатымыз – тек биікке жету.
Турнирлік кестеде “Қызылжардан” кейін 12 ұпаймен елордалық “Астана” және 12 ұпаймен “Ақтөбе” тұр. Жергілікті команда кезекті ойынды 16-шы сәуір күні сырт алаңда Павлодар облысының “Ақсу” клубына қарсы өткізеді.
Байболат Култанов