1995 жылдың 7-сәуірі. Жастары 20-ға да толмаған 7-ротаның 17 жауынгері қаза тапты. Тағы 33-ке жуық сарбаз түрлі ауыр жарақат алды. Қазақстандық жауынгерлер осыдан тура 28 жыл бұрын Пшихавр шатқалында бітімгерлік миссияларын ерлікпен өтеген еді.
Ер есімі – ел есінде. Бүгінгі жиналған қауым сол қақтығыста қаза тапқан азаматтарды еске алды. Жауынгерлердің рухына тағзым етті. Ескерткішті гүл шоқтарымен көмкерді. 1 минуттық үнсіздік жарияланды.
АСЛАН РАМАЗАНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальонның бөлініс бастығы:
– Біз жыл сайын осы аллеяға келіп, өмірден өткен сарбаздарды еске алу рәсімін өткіземіз. Бұл рәсім Қазақстанның түкпір-түрінде өтуде. 2020 жылы мамыр айының 6-сы күні ҚР Президентінің 322-ші жарлығы бойынша тәжік-ауған шекарасында болған жауынгерлерге ардагер атағы берілді.
Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы ұрысқа елімізден барлығы 11 мың жауынгер барған. Оның 150-ге жуығы – солтүстікқазақстандықтар. Тәжік-ауған соығысы ардагерлерінің 9 мыңының көзі тірі. Виктор Поздняков сол кезде 19 жаста болған.
ВИКТОР ПОЗДНЯКОВ, тәжік-ауған соғысының ардагері:
– Мен әскерге 96-шы жылы шақыртылдым. Ұрыс алаңында 5 ай болдым. Дәл ортасына түстік. Бізге тәліптерді Тәжікстанға өткізбеу тапсырылды. Борышымызды лайықты түрде өтедік. Ол жылдар әлі есімізде. Ойлаған сайын көңіліміз құлазиды.
Виктор Поздняков елге оралғаннан кейін ішкі істер органдарында еңбек еткен. Қазір зейнетте. Жас буынды патриоттық тұрғыда тәрбиелеумен айналысады. Осы еңбегі үшін мақтау қағазымен марапатталды.
Аснурия Абдула