Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы Ұлттық ұлан академиясында да өтті. Кең плацта білім ордасының ұжымы, курсанттар, аға буын өкілдері мен жастар сап түзеді.
Антқа адалдық пен батылдық танытқан жандарды жастар білуі тиіс. Академияға арнайы шақырылған өскелең ұрпақ жауынгерлердің құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Естелік тақтадағы сарбаздардың аты-жөнін оқыды. Кейін жиналған қауым шайқас болған жерді көзбен көрген жерлестерімізге құлақ түрді.
АСҚАР ЖӘМЕНОВ, тәжік-ауған шекарасында болған қақтығысқа қатысушы:
– Олар ең ауыр жердің тыныштығын күзетті. Гуманитарлық тауарларды жеткізуге ат салысты. Тәжік-ауған шекарасында жалпы саны 8 мыңнан астам жауынгер мен офицер қызмет етті.
Жиын соңында тәжік-ауған шекарасында болған жерлестерімізді Ұлттық ұлан академиясының бастығы марапаттады. Еске алу шарасы әскери шерумен аяқталды.
Байболат Култанов