Облыс фермерлері егіс науқанына қызу дайындалуда. Бүгінде олар дизель отынын жеңілдетілген бағамен сатып алып жатыр. Сұйықтықтың 1 литрі – 224 теңге. Ал жанармай құю станциясында оның құны 260 теңгеге жуықтайды. Қызылжар ауданындағы «Сервис ЖАРС» серіктестігінің директоры Ғаббас Жантасов мұндай қолдау фермерлер үшін зор көмек деп санайды. Биыл агроқұрылым 6 мың гектарға тұқым сеппекші.
ҒАББАС ЖАНТАСОВ, «Сервис-ЖАРС» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Мемлекет тарапынан 1 гектарға 20 литрдей беріліп жатыр. Бізге жақсы жеңілдік болып есептеледі. Техникамыз сақадай сай. Көктемдік жұмыстарға дайынбыз. Сәуірдің 20-сы кезінде егістікке шықпақшымыз. Үкімет тарапынан көрсетілген көмекке алғысымды білдіремін.
«Эталон Регион» – өңіріміздегі арзан бағамен жанармай жеткізетін компаниялардың бірі. Петропавлдағы орталыққа дизель отыны Павлодар мен Атырау қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарынан әкелінеді. Ал «Эталон Регион» оны облыстың барлық аудандарына тасымалдайды.
МӘДЕН ЖҰМАҒҰЛОВ, «Эталон Регион» ЖШС директоры:
– Биыл бізге 20 мың тоннаға жуық жанармай бөлінді. Оның 12 мыңын сатып алдық. Қазіргі уақытта 9 тоннадан астамы діттеген жерге жеткізілді. Біздің компания өңірдегі 300-ден астам шаруашылықпен келісімшарт жасасқан. 13 ауданмен жұмыс істейміз.
Енді 4,5 мың тонна қалып отыр. Ол да көп ұзамай шаруашылықтарға жеткізіледі. Аудандарға тасымалдауда ешқандай мәселе туындамапты.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Жылда мемлекет тарапынан көктемгі жұмысқа жанармай бөлініп тұрады. Биыл өңірге 73,6 мың тонна берілді. Өткен жылы 71 мың тонна болған. Бағасы – 224 теңге. Қазір жанармай беретін 8 оператор бар.
Биылғы көктемде облысымызда егіс жұмыстары жүргізілетін жердің көлемі 4,5 млн гектарды құрамақ. 3,2 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі.
Самал Жунусова