Петропавлдық акробаттар өнерлерімен елді тәнті етті. Жақында солтүстікқазақстандық спортшылар Алматыдан олжалы оралды. Оңтүстік астанада жерлестеріміз қоржындарына 14 медаль салған. Оның 6-ауы – алтын, тағы осыншасы – қола, қалғаны – күміс.
Алматыдан соң жергілікті команда Ресейдің Екатеринбург қаласына аттаныпты. Мұнда 4 адамнан тұратын ұжым сәтті өнер көрсеткен.
РИНАТ БЕЛОГОНОВ, спорттық акробатикадан МБЖСМ басшысы:
– Бұл жарысқа Қазақстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Ресей спортшылары қатысты. Халықаралық чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Қазақстаннан 21 бала қатысты. Қатысушылардың жастары әр түрлі. Жас спортшылар спорттық гимнастика, спорттық аэробика, көркем гимнастика және спорттық акробатикадан күш сынасты.
Спорттық акробатикаға қатысқан ерлер тобы 2-ші орынды иеленген. Күміс медальға қол жеткізген Даниал Жеңісов спорт мектебіне 6 жасынан барып жүр. “Байрақты додада бәсекелестік жоғары болды, бірақ, тыңғылықты дайындық пен тәжірибе өз нәтижесін беріп отыр”,- дейді акробат.
ДАНИАЛ ЖЕҢІСОВ, спорттық акробатикадан МБЖСМ тәрбиеленушісі:
– 2-ші орын алдық. Орын алу өте қиын болды. Бірақ, біз қатты тырыстық. Қарсыластарымыз мықты болды.
Алматы қаласында қола медаль иеленген Сергей Галицкий де мектепке кішкентай күнінен барады. Бүгінде батутта секірушілер арасында үздіктердің бірі. Республикалық жарысқа бір жарым ай дайындалыпты.
СЕРГЕЙ ГАЛИЦКИЙ, спорттық акробатикадан МБЖСМ тәрбиеленушісі:
– Жарыс өте жақсы өтті. Биылға бірінші жарысым. Командалық есепте 3-ші орынға тұрақтадық, жеке өзім қола медальға ие болдым. Бұл мен үшін мақтауға тұрарлық нәтиже деп ойлаймын.
Спортшылар осымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы уақытта ел құрамасы сапында өнер көрсету үшін аянбай тер төгіп, жарыстарда топ жармақ ниетте.