Спорт

Петропавлда үстел теннисінен облыс чемпионаты бастау алды

Облыс орталығында үстел теннисінен облыс чемпионаты бастау алды. Жарысқа оқушылар, 18 жастан асқандар қатысуда. Барлығы – 150 адам. Додаға еліміздің басқа облыстарынан келген спортшылар да ат салысуда.

Жарыс басталып кетті. Алдымен мектеп оқушылары шықты. Мына жерде Петропавл мен Семей қалаларының спортшылары бақ сынасуда. Ануарбек Бекжан Абай облысының намысын қорғау үшін келіп отыр. Оның үстел теннисімен айналысып жүргеніне 1-ақ жыл болыпты. Сонда да біраз жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп үлгеріпті. Қарсыласының тәжірибесі молдау, дегенмен, Бекжан да осал емес.

Семейлік ракеткашы қарсыласын 2 де 0 есебімен ұтып жатыр. Айтуынша, үстел теннисінде шапшаңдылық қажет.

АНУАРБЕК БЕКЖАН, жарысқа қатысушы, Семей қаласы:

– Менің қарсыласым мықты. Қазір оны 2 де 0 есебімен жеңіп жатырмын. Теннисте оймен ойнау керек, әр допты айналдырып лақтыру керек, аяқпен жылдам қозғалу керек. Мен ойланып ойнаймын, қай жаққа допты лақтыру керектігін алдын ала ойластырамын.

Жарысқа қатысушылардың дені – жеткіншектер. Барлығы – 90 бала.

ИРИНА ПЮРКО, жарыстың бас төрешісі:

– Үстел теннисінен ашық турнир жыл сайын өткізіледі. Жарысқа оқушылар, кәсіби және әуесқой спортшылар қатысуда. Араларында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Облыс жастары арасында үстел теннисі жақсы дамып келе жатыр. Биыл былтырғыдан қарағанда қатысушылар саны көбірек. Жарыстың мақсаты – тәжірибе алмасу.

Жарыс 3 күнге жалғаспақ. Мектеп жасындағы чемпионат жеңімпаздары сәуір айының соңында республикалық турнирге қатысады. Ал 40 жастан асқан үздіктер жазда өтетін чемпионатта бақ сынайды.

 

Самал Жунусова