Аймақ басшысы Айдарбек Сапаров Айыртау ауданында болды. Өңір жетекшісі ат басын бұрған алғашқы нысан – Антоновка ауылындағы тауарлы-сүт фермасы. “Борисфен” серіктестігіне тиесілі кешеннің құрылысы 2021-дің шілдесінде басталып, өткен жылдың соңында аяқталды.
МӘДИ ӘБІЛДИН, “Борисфен” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– Ферма 250 сауынды сиырға арналған. Құны – 970 млн теңге. Оның ішінде 125 млн теңгесін «Солтүстік» ӘКК» бөлді. Қалғаны – өзіміздің қаражат. Қарашада 238 бас голштино-фриз тұқымды ірі қараны Даниядан әкелдік. Қазіргі таңда оның 110 шақтысы бұзаулады. Біреуі күніне 22-23 литр сүт береді. Жылына 2 мың литр сүт беру жоспарланып отыр. Наурыздың 15-сінен бастап ақты «Eurasian Milk» зауытына тапсырудамыз.
Кешенде 25 адам жұмыс істейді. Орташа айлықтары 120-150 мың теңгені құрайды. Александр Антонов зоотехник болып еңбек етеді. Жалақысы – 180 мың теңге.
АЛЕКСАНДР АНТОНОВ, “Борисфен” ЖШС жұмысшысы, Айыртау ауданы:
– Малға берілетін жемазыққа жауаптымын. Қоспаларын араластырып, рационның дұрыс болуын қадағалаймын. Жалпы, өзім көкшетаулықпын. Бұған дейін осы ауылда элеваторда жұмыс істедім.
Фермада кадр тапшылығы мәселесі бар. Қазіргі таңда кешенге ветеринар мен зоотехник сынды мамандар жетіспейді екен. Аудан бойынша осындай 8 кадр қажет.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Зоотехниктерсіз мал шаруашылығында даму болмайды. Жасанды ұрықтандыру процесін жүргізетін мамандар да қажет. Сондықтан, сіздер оқуға ниетті жандарды өз қаражаттарыңызға курстардан өткізіңіздер. Үй салып, жағдай жасаңыздар. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында келгендерге көтермеақы беріледі. Маман өз ісін жақсы орындаса, сүт көлемі де артады.
Кейін Айдарбек Сапаров техниканы сайлап, жабдықтарды майлап жатқан айыртаулық шаруалармен кездесті. Көктемгі дала жұмысына кәсіпкерлер толығымен дайын. Өз сөзінде аймақ басшысы диқандарға мал шаруашылығын да қолға алу қажеттігін айтты.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мал шаруашылығымен айналысу керек. Бұл жай сөз емес. Мыңдаған гектар жер алып, мал шаруашылығы болмаса, халыққа жұмыс орнын таппасақ, жағдай жасамасақ, ертең халқымыз көшіп кетеді. Сосын ертең кім жұмыс істейді? Ертең техникаға мінетін жандарды таба алмай қаламыз. Сондықтан, оларға жағдай жасау қажет.
Кейін облыс әкімі Саумалкөлге ат басын бұрды. Мұнда сүтті терең өндейтін «TEZIS» серіктестігі жұмыс істеп тұр. Қаңтар айында іске қосылған цехта ірімшіктің 12 түрі шығарылады. Қуаттылық тәулігіне 1,2 тоннадан асады. Дайын өнімдер Алматы, Қарағанды, Астана, Көкшетау, Петропавл қалаларына жеткізіледі. Жоба құны – 690 млн теңге.
АРТЕМ ТЕН, «TEZIS» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– Шикізатты Тайынша мен Сергеевканың тауар өндірушілерінен аламыз. Сүтті ашыту арқылы ірімшік дәні пайда болады. Өнім әзірлеу барысында сол шикізатты пайдаланамыз. Әзірге, жұмысшылар іске машықтанып жатыр. Алдағы уақытта қуаттылықты 3-4 тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз.
Өңір жетекшісі Саумалкөлдегі өнер мектебіне де барды. Білім ұясы 2021 жылы ескі емхана ғимаратына жаңғырту жүргізу арқылы пайда болды. Ауқымды жұмысқа 154 млн теңге жұмсалған. Қазіргі таңда мұнда 520 бала 13 бағыттағы үйірмеге қатысады. Мектептің бірінші қабатында түзету кабинеті орналасқан. Оған дамуында кемістігі бар 27 бала келеді. Айыртауға ауданында облыс әкімі Шалқар ауылының тұрғындарымен де жүздесті. Ағайынды алаңдатқан басты мәселе биыл шешімін таппақ. Елді мекен тұрғындарының үйлеріне таза ауыз су жеткізілмек. Байқау өткізілді, ауқымды іске облыстық бюджеттен 670 млн теңге бөлінді. Кезекті мәселені облыс әкіміне ауыл тұрғыны Бекболат Ыбыраев жеткізді.
БЕКБОЛАТ ЫБРАЕВ, Шалқар ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:
– Орталық көшеге жарық шамдар орнатылды. Қалған көшелер де жарықтандырылса жақсы болар еді.
Жарықтандыру жұмысын облыс әкімі жергілікті аграрийлерге тапсырды. Кейін Айдарбек Сапаров ат басын Ғ.Мүсірепов ауданына бұрды. Осыдан бірнеше күн бұрын Тоқсан би ауылы маңындағы жолды су шайған болатын. Себебі, жан-жақтан келген судың кедергісіз өтуі үшін трасса астында жатқан құбыр аздық етуде. Қазір оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Аймақ басшысы “Жағдай қайталанбас үшін биылдан қалдырмай жолға қосымша құбыр салу керек,”- деді. Ол үшін облыстық әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі. Қос ауданға жасаған сапарын өңір жетекшісі Черновое ауылындағы мәдениет үйінде тұйықтады. 57-ші жылы салынған нысанда өткен жылдан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Жұмсалған қаражат көлемі – 82 млн теңге. Ғимараттың іші толығымен өзгеріпті. Елді мекен тұрғындары енді нысанның сыртына сән кіргенін қалайды. Облыс әкімі ағайынмен жүздесу барысында ол күннің де алыс еместігін айтты.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облыста жол, су мәселелері шешіліп келеді. Мәдениет, денсаулық сақтау саласы да басты назарда. Облыс бюжеті – 420 млрд теңге. Оның 130 млрд теңгесі білім беру саласына бағытталды. Алдымыздағы оқу жылында барлық бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін тамақтанады. “Жайлы мектеп” бағдарламасы аясында Петропавлда 4 мектеп салынады. 2 балабақша бой көтереді.
Сөз соңында облыс әкімі Черновое ауылына Мәдениет үйін жөндеу жұмысы аяқталған соң қайта келетіндігін айтты.
Алдияр Айтпаев