Мәдениет

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған облыстық байқау өтті

Булаев қаласындағы Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясында Мағжанның 130 жылдығына арналып топонимдерден облыстық байқау ұйымдастырылды. Дода басталмас бұрын келген оқушыларға “Мағжанның мұрасы мәңгілік” атты жылжымалы көрме таныстырылды. Мұнда ақиық ақынның өмірбаяны, шығармалары, суреттері және өзі ұстаған самауыр мен ыдыс-аяқтары қойылған. Көзге ерекше түсетін мына самаурын жайлы білуді жөн көрдік. Ол Сарытомар ауылындағы мұражайдан әкелінген екен.

АЙГҮЛ ЖҮНІСПАЕВА, «Мағжан Жұмабаев» музейінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Бұл самауырды Мағжанның інісі, Сәлімжанның ұлы Тасболат ағай әкелген. Бір ерекшелігі 5 баласын түрмеге жапқанда Қалижан мен Сабыржан Қырғызстанға қашып кетеді. Бекен мен Гүлсім оларға барған кезде осы самауырды чемоданға салып алып барған дейді. Кейін Бекен Қырғызстанда ауырып, Қызылжарға келер кезде осы самауырды қайтадан чемоданға салып алып кеткен.

Мағжанға арналған көрме жазға дейін өңіріміздің барлық аудандарында қанат жаймақ. Кейін ауданның түкпір-түкпірінен келген оқушылар “Мағжан таңбасы” атты облыстық топонимдер байқауында сынға түсті. Білім додасына 8 аудан мен қаладан 25 оқушы қатысып жатыр. Жер-су атауларын зерттеген жеткіншектер өз жобаларын 3 минут ішінде қорғап шығулары тиіс.

Ортада – Медвежка орта мектебінің оқушысы Сухроб Нұрмұқанов. Ол өз ауылының тарихы жайлы баяндауда. Елді мекенді толықтай зерттеу үшін ауыл ақсақалдарынан бар мәліметті сұрастырып, жинастырған. Ауылдың бақандай 271 жылдық тарихы бар екен.

СУХРОБ НҰРМҰҚАНОВ, байқауға қатысушы:

– Бұл тақырыпты таңдаған себебім, өз туған ауылымның тарихын дәріптегім келеді. Мен мұғаліміммен 2 апта дайындалдым. Ол екі апта аралығында біз барлық ақпаратты жинадық. Медвежка ауылы 1752 жылы құрылды. Онда түрлі бекіністер құрылды.

Байқаудың жеңімпазына 25 мың теңге беріледі. Жүлдегерлер де ақшалай марапатталады.

 

Гульден Симбаева