Өмірге құштар балалардың талпынысы ерекше. Көздерінде мейірім мен от ұшқыны бар. Аутизмге шалдыққан балаларды адамдарға жақын қылып, спортқа баулу мақсатында “Көңілді сайыстар” атты эстафета ұйымдастырылды. Сайысқа №21, 23-ші және 8 қалалық мектептерден ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысты.
АИДА ГАЛИМОВА, №21 орта мектебінің дефектолог-мұғалімі:
– Бүгінгі шараның мақсаты – балаларды спортқа баулу. Қарым-қатынас жасап, адамдармен еркін араласуды үйрету. Біздегі ерекше күтімді қажет ететін балалар қарапайым сыныпта оқиды. Оларды әрдайым бақылап, күтім жасаймыз.
Эстафетада балалармен қатар, ата-аналар да өте белсенділік танытты. Осылайша уақыттарын қызықты өткізуде. Қайырден Есебаев 7 жасар немересі Аянатты ерте келіпті. Айтуынша, Аянат -шымыр, белсенді қыз. Эстафета да үздік ойын көрсететініне кәміл сенімді.
ҚАЙЫРДЕН ЕСЕБАЕВ:
– Спартакиадаға менің немерем қатысып жатыр. Осындай спартакиада жиі-жиі болып тұрса өте қуанышты болар едік.
8 жасар егіз Михаил мен Тимофей де бұл жарыстан қалыс қалмады. Белсене қатысып, үздік нәтиже көрсетті. Спортқа деген ынталары мол.
АННА ОСТАНИНА:
– Балаларымда тіл кемістігі болды. Содан кейін аутизмге шалдыққаны анықталды. Қазір 21-ші мектепте 2-сыныпта оқиды. Мектепке барғалы жақсы өзгерістер байқалуда. Өзге балалармен белсенді түрде араласа бастады. Есте сақтау қабілеттері жақсарды. Шығармашылықпен айналысқанды ұнатады және спорттық ойындарға көптеп қатыстыруға тырысамын.
Эстафетаның атмосферасы өзгеше. Бақытты сәттер мен күлген дауыстар. Жадырап жүрген бүлдіршіндер мен дән риза ата-аналар. Сайыс соңында қатысушыларға марапат қағаздары таратылды. Дойбы сыйға берілді.
Аснурия Абдула