Құқық қорғау органдары

СҚО-да былтыр кәмелетке толмағандарға қатысты 67 қылмыс тіркелген

Өткен жылы өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты бақандай 67 қылмыс тіркелген. Әрқайсысы жаға ұстады. 14 жастағы петропавлдық қызға 30-дағы ер адам сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған. Бұл фактіде қос тарапты да кінәлау қажет дейді мамандар. Аузынан ана сүті кеппеген жеткіншек үйінен безіп, орда бұзар жастағы еркекпен тұрыпты.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:

– Уәлиханов ауданында да жаға ұстатарлық жағдай тіркелді. Мұнда патронат тәрбиеші кәмелетке толмаған балаға қорлық көрсеткен. Қысым көрген бала мектепке бет-жүзі көгерген күйінде барып жүріпті. Алайда, оған ешкім назар аудармаған.

Бұл жерде мемлекеттік мекемелер жауапкершілік танытуы қажет. Яғни, балаларға ата-аналары тарапынан тиісті көңіл бөлінбесе, құзырлы органдар дер кезінде әрекет етуі тиіс.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының біріншіорынбасары:

– Қаладағы №4 орта мектебінде тіркелген оқиғаға да тоқтала кету қажет. Білім ошағында 1 оқушы 3 қатарласының өміріне қауіп төндірді. Балтамен шабуылдаған бала 21-ші жылы суицид жасамақшы болыпты. Дегенмен, бұл жайт мектеп тарапынан денсаулық сақтау басқармасына хабарланбаған. Қазіргі таңда өңірімізде 1119 ұл-қыз дамуында ауытқуы барлар тізімінде тұр. Солармен жұмысты күшейту қажет.

Жұмыс күшейтілмесе, тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. Былтыр қадағалаушы орган өкілдері біршама адамды жауапқа тартыпты. Оны мінберге шыққан басқарма прокуроры Әмір Рахимовтен естідік.

ӘМІР РАХИМОВ, СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:

– Облыс прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне талдау жүргізді. Талдау нәтижелері бойынша облыстың уәкілетті органдарына 5 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 21 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушылыққа жол жоқ! Әр бала бақытты болуға лайықты екенін айта келе қадағалаушы тарап өкілдері жиынға арнайы шақыртылған жауапты сала өкілдеріне бірқатар ұсыныс білдірді.

ӘМІР РАХИМОВ, СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:

– Бүгінгі кеңесте талдау нәтижелері жарияланды, әрбір мемлекеттік органға балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды жақсарту және алдағы уақытта құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша нақты міндеттер айқындалды.

Бүгінгі басқосуда кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстар жайлы да айтылды. Былтыр өңірімізде жеткіншектер 21 мәрте заңның ала жібін аттапты.

 

Байболат Култанов