Құқық қорғау органдары

Полиция департаментінің бастығы жеке құраммен кездесті

Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов департаменттің жеке құрамымен кездесті. Жиында қызметкерлер арасындағы тәртіпті нығайту және жемқорлыққа жол бермеу туралы мәселе қаралды. Сондай-ақ, тұғындардың жол жүру ережелерін қаншалықты сақтайтындығы талқыланды. Отырысқа жедел қызметтердің, патрульдік полицияның жеке құрамы мен бөлімше басшылары қатысты.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

– Арамызда білімді, білікті, тәжірибелі мамандар баршылық. Бірақ, бір ғана полиция қызметкері аяғын шалыс басса, бұл барлығымыздың атымызға кір келтіреді. Жеке құрамның және бүкіл полиция департаментінің атақ-абыройы жоғалады. Сол себепті, бұндайға жол бермеу керек.

600-ге жуық маманға тәртіп сақшыларынан кеткен олқылық жайлы бейнероликтер көрсетілді. Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, полиция қызметкерлері көп жағдайда бейнебақылауға қатысты талаптарды орындамайды.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

– Кейбір қызметкерлер камераларды өшіріп тастап, оны патрульдік көліктің салонында қалдырады. Ереже бұзған автокөлік жүргізушілеріне айыппұл салудың орнына ақша бопсалайды. Бейнекамераға жазылып қалған видеолар 1 ай бойы сақталады. Біз оны келген уақытта қарап, тәртіп бұзған тәртіп сақшысының өзін жазаға тартамыз.

Полиция қызметкерлері тарапынан қандай да бір заңбұзушылық жасалса, қауіпсіздік басқармасына хабарлау керек дейді департамент басшылығы. Сондай-ақ, ел бойынша 1402 – ІІМ бірыңғай сенім телефоны жұмыс істейді.

 

Гульден Симбаева