Мамандықтар форумы. Бүгін Есіл ауданындағы Петровка аграрлы-техникалық колледжінде конкурс өтті. Оған аудан мектептерінен жиылған 7-ші, 8-ші және 9-шы сынып оқушылары қатысты. Барлығы – 100-ден астам бала. Олар 5 сала бойынша, нақтырақ айтсақ, аспаз, шаштараз, тігінші, механизатор мен ағаш шебері бағыттарында сынға түсті.
Сайыс басталар алдында қазылар алқасы ұл-қыздарға нұсқау беріп, жарыстың ережелерімен таныстырды. Міне, дода басталды. Мына жерде қыздар бір-бірінен ерекшеленуге тырысып, шаштың түрлі үлгілерін жасауда. Келесі бөлмеде бұрымдылар тамақ пісіріп жатыр. Олар бауырсақ әзірлеп, салаттың кез келген түрін дайындаулары керек. Ал мына тұста шамамен 13-14 жастағы қыздар тігін тігуден сынға түсуде. 6 бұрымды жастық тысын тігіп жатыр. Уақытқа қатысты шектеу жоқ, бастысы, нәтижесі жақсы болуы керек.
ТАТЬЯНА ШНАЙДЕР, Корнеевка орта мектебінің мұғалімі, Есіл ауданы:
– Қазір тігінші мамандығына сұраныс көп. Қыздарды осы іске бала кезден үйрету керек деп ойлаймын. Басты талап – барынша ұқыпты болуы керек. Қатысушылардың барлығы жастарына қарамастан шебер.
13 жастағы Олеся Богомолова іс тігумен 7 жасынан бастап айналысады. Анасы үйретіпті. Ең алғаш тіккен дүниесі кішкентай жастық екен. Болашақта осы сала бойынша білім алуды мақсат етіп отыр.
ОЛЕСЯ БОГОМОЛОВА, Николаевка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
– 7 жасымда анам тігін машинасымен жұмыс істеуді үйреткен. Сол кезде бұл іске деген махаббатым оянды. Әр еңбек сабағында мұғаліммен бірге түрлі дүниелер тігемін. Мына жастықтың тысын 1 сағаттың ішінде бітіремін деп ойлаймын.
Қыздар тігін тігу мен аспаздықты меңгеріп жатса, мына жақта ұлдар тракторға мініп, шеберліктерін көрсетуде. Жарыс қызу өтіп жатыр. Техникаға мінген жасөспірімдерге алдымен нұсқау беріледі. Кейін олар маманның бақылауымен 1 айналым жүріп өтулері керек.
ЖАРАС ОРАЗАЛИН, А.Шәжімбаев атындағы №3 орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
– Аспаз бен тігінші қыздар жұмыстарын аяқтады. Енді олар өз нәтижелерін көрсетулері керек.
Жалпы, жыл сайын Петровка аграрлы-техникалық колледжіне түсемін дейтіндер артып келеді. Студенттер үшін мұнда жақсы жағдай жасалған. Ал мұндай форумдар жыл сайын мектеп түлектерін тарту үшін жасалады.
ЖҰМАГҮЛ НҰРБЕКОВА, Петровка аграрлы-техникалық колледжінің оқытушысы:
– Ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіби бағдар беру оларды осы колледжге шақыру үшін жасалады. Колледжде барлық жағдай жасалған. 3 мезгіл ыстық тамақ, жатақхана – бәрі тегін. Оған қоса жақсы шәкіртақы беріледі.
Конкурс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар қарастырылған.
Самал Жунусова