Экология

Биыл өңірде 23,1 млн түп көшет егіледі

Өңіріміздің сәні – жасыл желек! Оны молайту – жауапты сала өкілдеріне жүктелген басым міндеттердің бірі. Қазір аққайыңдар өлкесінде Президент тапсырмасы аясында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Оны журналистерге табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов баян етті.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Біз 5 жылға бекітілген жоспар аясында 20 мың гектар жерге 100 млн түп көшет егу қажетпіз. Осы бағытта атқарылған жұмысты баяндайын. 21-ші жылы – 3,56 млн, ал былтыр 6,9 млн ағаш отырғызылды. Биыл көрсеткіш әжептәуір ұлғаймақ. Ағымдағы маусымда 23,1 млн түп көшет егіледі.

Жасыл желекті көздің қарашығындай сақтау – тағы бір міндет. Бірінші кезекте өрттен сақтану қажет. От бір бас көтеріп, орманға тараса, ауыздықтау оңайға соқпайды. Сондықтан, жол мен егістік алқап бойын жырту, қажетті техниканы дайындау сынды жұмыстарға басқарма баса мән беріпті. Тағы, заңсыз ағаш кесетіндерге қарсы бақылауды күшейткен.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Былтыр өңірде заңсыз ағаш кесудің 18 фактісі тіркелді. 25 гектар жерде жайқалып тұрған жасыл желек оталды. Кінәлі жандардың басым көпшілігін анықтадық. Тек 3 жағдайға қатысы бар тұлғалар табылмады.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы заңсыз ағаш кесушілермен күресті одан әрі күшейтпек. Іске өзге де органдар тартылатын болады.

 

Байболат Култанов