Қоғам

“WorldSkills Kazakhstan-2023” чемпионатының облыстық кезеңі басталды

Құрылыс, педагогика, медицина және ауыл шаруашылығы. Бүгін облыс орталығында “WorldSkills Kazakhstan-2023” чемпионатының облыстық кезеңі басталды. Сайыстың мақсаты – сұранысқа ие мамандықтарды дәріптеу, студенттердің кәсіби даярлығы мен машықтарын арттыру. Дода 15 күнге созылады. Әр күн әр колледжде өтеді. Яғни, бүгін сайыс жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде өтсе, ертең М.Жұмабаев атындағы жоғары коллеждінде жалғасады.

Сайыстың алғашқы күні құрылыс саласына қатысты болды. Студенттер 4 бағыт бойынша: кірпіш қалау, дәнекерлеу технологиясы, плитка қалау мен сантехника-жылыту бағытында сынға түсті. Мына бөлмеде жастар кірпіш қалаудан жарысып жатыр. Ренат Кириченко – 3-ші курс студенті. Айтуынша, бұл істі зейін қойып атқару керек. Жас жігіт жақсы нәтиже көрсетуде.

РЕНАТ КИРИЧЕНКО, жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Кірпіш қалау барысында тігістер біркелкі болуы керек. Бағалау арнайы критерийлер бойынша жүргізіледі. Яғни, тегістеу, жазықтық, тігістердің түзулігі мен әрлеу сапасы қаралады. 5 сағат уақыт беріледі. Бірінші кезеңде жақсы нәтиже көрсеттім. Облыстықта да жеңістен үміттімін.

Жалпы, додаға өңір аудандарынан келген 160-қа жуық студент қатысуда. Талап бойынша сайысқа тек 15 пен 21 жас аралығындағы студенттер бақ сынап жатыр. Сайыс жергілікті 8 колледжде өтуде.

БАУЫРЖАН ЗЕЙНУЛЛИН, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– 15 күн ішінде студенттер медицина, педагогика, құрылыс, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласы бойынша шеберліктерін көрсетеді әрі білімдерін арттырады. Қазылар алқасының құрамында кәсіпкерлер бар.

Жалпы, сайыс 23 бағыт бойынша өтеді. Облыстық кезеңнен сәтті өткен жастар маусым айында республикалық кезеңге қатысады. Дүбірді дода Астана қаласында өтеді.

 

Самал Жунусова