Наурыздың 29-ы мен 31-і наурыз аралығында Астана қаласында халық әртісі Шара Жиенқұлова атындағы VI республикалық қазақ биі конкурсы өтті. 3 мыңға жуық өрен өз өнерлерін ортаға салды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген барлығы 12 би ұжымы бақ сынасты. Аймағымыздың абыройын асқақтатып жүрген өнерпаздарымыз бұл жолы да олжамен оралды. Жерлестеріміз “топтық орындау” санаты бойынша жүлделі 1-орынды қоржынға салды.
ҚЫМБАТ ОСПАНОВА, Ақан сері атындағы облыстық филармония директорының орынбасары:
– Конкурсте біздің Солтүстік Қазақстан облыстық филармонияның “Туған жер” ансамблі қатысты. Көптеген қалалардан келген қатысушыларды басып озды. 1-орынды иеленіп, үмітімізді ақтады.
Би сайысы 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде теріскейліктер арнайы Шымкенттен шақыртылған хореограф Зәуре Ажибекованың көмегімен қойылған “Қабан жырау” туындысын биледі. Ал екінші кезеңде стильдендірілген халықтық би “Қазақ елі” биін орындады. Бұл биге Максим Тонков пен Самат Жұмажанов жетекшілік еткен.
Төгілген тер мен ерен еңбек зая кетпеді. Мақсат орындалды. Нәтижеге қол жеткізді. 13 жыл өмірін биге арнаған Екатерина дән риза. Қуанышы мен алған әсерін ортаға салды.
ЕКАТЕРИНА КУХАРЕНКО, “Туған жер” би ансамблінің бишісі:
– Біз әрине, өте қатты қобалжыдық. Бірақ, қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Физикалық түрде де, моральды түрде де қиын болды. Нәтижені естіген сәтте төбеміз көкке жеткендей қуандық. Көрермендер тіпті жеке келіп құттықтады, суретке түсті. Костюмдерімізге қызығып, мақтау сөздерін жаудырды.
“Туған жер” би ансамблінің бақандай 13 жылдық тарихы бар. Бүгінде би ұжымының құрамында 18 биші бар. Тұңғыш көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин болса, қазіргі көркемдік жетекшісі Максим Тонков алға қойған алпауыт жоспарларымен бөлісті.
МАКСИМ ТОНКОВ, “Туған жер” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
– Дәл қазіргі уақытта Оңтүстік Корея мемлекетіндегі Пусан қаласында өтетін байқауға дайындалудамыз. Бұл – біз үшін маңызы жоғары дода. Халықаралық байқауда халқымыздың мәдениетімен таныстырамыз. Халық биін орындаймыз. Қазақстанның намысын қорғаймыз.
Бүгінде ұжымның репетуарында халық билерімен қатар орыс, шешен, украин, сыған және шығыс билері бар екен. Өнерпаздардың арманы асқақ. Мұнымен тоқтап қалмақ емес.
Аснурия Абдула