Ауыл шаруашылығыЭкономика және қаржы

СҚО-ның импортты алмастыру тәжірибесі ел бойынша таралуда

2026 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенінде 2,6 трлн теңгеге 700 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсында жазылған. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кешенді түрде шешілетін болады. Бұл ретте сүт, құс еті, көкөніс импортын алмастыру жөніндегі ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды СҚО-ның табысты тәжірибесін тираждау есебінен іске асыру жоспарлануда. Ол облыс әкімдіктеріне 10 жыл мерзімге агроөнеркәсіп кешені субъектілерін сенім білдірілген агент арқылы жеңілдікті кредит бөлуді көздейді.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы:

– Өз кезегінде агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін кредиттер негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдікті кезеңмен жылдық 2,5 пайызбен 10 жылға дейін берілетін болады. Биыл осы мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді, соның есебінен шамамен 65 тауарлық-сүт фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады. Бұл сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 135 мың тонна көкөніс сақтау орны қосымша іске қосылады. Оған қоса, ағымдағы жылдың басынан тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталды. Осылайша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тежеудің үш кезендік жүйесі енгізілді. Жаңа тәсілдер фермерлерге күзгі және ерте пісетін көкөністерді белгіленген бағамен жеткізуге алдын ала аванс беруге және маусымаралық кезеңде көкөністер бағасының өсуіне реттеуші ретінде әсер етуге мүмкіндік береді.

 

Самал Жунусова