Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сөз болды. Бұл бағытта өткен жылы өңірімізде біршама жұмыс атқарылған. Тындырылған істі журналистерге басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаев баян етті.
ОЛЖАС БОЛЫСПАЕВ, СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
– Індеттен сау болу мақсатында 2022 жылы барлық көзделген ветеринариялық іс-шаралар толық орындалды. Жануарлар мен құстардың 10 аса қауіпті ауруына және 3 энзоотиялық ауруына қарсы профилактикалық вакцина егілді, 4 ауруға диагностикалық зерттеу, 2 ауруға аллергиялық зерттеу жүргізілді. Осылайша, қолда бар мал басының барлығына профилактикалық вакцина егіліп, зерттеу жүргізілді.
Дегенмен, көңілге қаяу салар жайттар да тіркелді. Былтыр 6 ауданның 27 елді мекенінде бруцеллезбен ауыратын 206 ірі қара анықталған. Бұл 2021 жылғы мал санынан 254 басқа аз. Нәтижесінде ауру тұяқтылар жойылған. Ал иелеріне 36,3 млн теңге көлемінде өтемақы төленіпті. Енді қаңғыбас ит-мысықтар жайлы айтайық. Күн өткен сайын мәселе күрделеніп келеді. Оның алдын алу үшін басқарма биыл мынандай қадамға бармақ.
ОЛЖАС БОЛЫСПАЕВ, СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
– Биыл «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды іске асыру аясында 600-ге жуық қаңғыбас ит пен мысықты чиптеу, вакциналау және стерилизациялау бойынша іс-шаралар жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде облыстың эпизоотиялық жағдайы тұрақтанады және жануарлар мен құстарға қатысты жұқпалы аурулардың тіркелу жағдайлары азаяды.
Брифингіде журналистер тарапынан бірнеше сұрақ қойылды. Әріптестеріміздің бірі Қызылжар ауданына қарасты Барнёвка елді мекеніне қатысты мәселені көтерді. Мұнда осыдан ондаған жыл бұрын сібір жарасынан мал өліп, сүйегі село маңында қалыпты. Салдарынан ауыл тұрғындарына су құбыры тартылмай отыр екен. Өз кезектерінде жауапты сала өкілдері жақын арада комиссия құрылып, проблема бойынша зерттеу жүргізетінін мәлім етті.
Байболат Култанов