Экология

Балық аулауға шектеу қойылмақ

Сәуір айы балықтардың уылдырық шашып, көбейер шағы. Бұл процеске айдынға қармақ салған балықшы мен басқа да жағдайлар кедергі болмауы керек. Сол себепті, қазіргі таңда өзен-көлдерде біртіндеп шектеулер енгізілуде. 15 сәуірден бастап шортан, аққайран мен көксеркені аулауға болмайды. Ал 20-сынан бастап қармақ лақтыруға мүлдем тыйым салынады.

ЕЛДАР КӘКІМОВ, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

– Есіл облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы аса маңызды кезеңде рейдтік іс-шаралар өткізеді. Мамандар заңсыз балық аулау фактілерінің жолын кесу бойынша және балық ресурстарын тасымалдау мен сатуды анықтау бағытында жұмыс істейді.

Шектеуге құлақ аспағандарға қарастырылған жаза бар. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалар 5 пен 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Ал егер қылмыстық жауапкершілік болса онда заң бұзушыға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынады немесе 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

ЕЛДАР КӘКІМОВ, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

– Өткен жылы 112 хаттама толтырылды. Шектеулерге құлақ аспаған жандар 2 млн теңгеге тарта айыппұл арқалады.

Қазіргі таңда инспекция өкілдері өзен-көлдерде отырған балықшыларға шектеу шараларын түсіндіріп, жаднама қағаздарын таратуда.

 

Алдияр Айтпаев