Тіл тұтастығы – ел тұтастығы. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қалада кезекті кездесу өтті. “Жастар Рухы” жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев пен “Менің елім-менің тілім” жобасының негізін қалаушы Яков Федоров жергілікті “Сөйле” спикинг-клубының мүшелерімен жүздесті. Елордалық меймандар өңір азаматтарымен тілді дамыту мәселесін талқылады. Нұржан Жетпісбаевтің айтуынша өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде тың жобалар септеспек.
НҰРЖАН ЖЕТПІСБАЕВ, “AMANAT” партиясы “Жастар Рухы” жастар қанатының төрағасы:
– Алдағы уақытта табиғат аясына шығуды жоспарлап отырмыз. Қызықты форматтар ұсынатын боламыз.
Петропавлда қаңтар айында “Менің елім-менің тілім” жобасы аясында “Сөйле” клубы құрылды. Ұйым 12 өңірде жұмысын бастаған.
Ел бойынша 500-ге жуық өзге ұлт өкілі осы “Сөйле” клубына барып, қазақ тілін үйреніп жүр. Солтүстік Қазақстан облысында бұл бастаманы қоғам белсендісі, НЗМ-нің қазақ тілі пәні мұғалімі Бақытжан Тұрсынов ілгерілетуде.
Бақытжан Тұрсынов, “Сөйле” спикинг-клубының жетекшісі:
– Біздің клубтың ерекшелігі – сабақты тек теория жүзінде ғана емес, музыкалық әндер, ойындар арқылы жүргізу. Сонымен қатар, ауызекі сөйлеу стилінде өз ойын еркін жеткізуге дағдыландыру болып табылады. Біз жақында құраммен тарихи-өлкетану мұражайына, “Абылай хан” рензиденциясына бардық. Таныстырылым толық қазақ тілінде өтті. Нәтижесінде қатысушылар экскурсия жүргізушінің 60-70 пайыз сөзін түсіне алды.
“Сөйле” клубының сабақтарына жергілікті жерде 25 адам барып жүр екен.
Басым көпшілігі – өзге ұлт өкілдері. Тіл сабағы аптасына 2 рет өтеді, тегін. Келем деушілерге есік ашық, жас шамасына шектеу жоқ. Роман Кайзер – студент. Қазақ тілінде сөйлеуге талпынып жүр.
Роман Кайзер, “Сөйле” спикинг-клубының мүшесі:
– Клубқа барып жүргеніме 1 жарым ай ғана болды. Тілді ең бастапқы деңгейден бастап үйреніп жүрмін. Қазір күнделікті өмірде қолданылатын көп сөз білемін. Қазақстан азаматы болғандықтан қазақ тілінде сөйлеу парызым деп білемін.
“Сөйле” спикинг-клубының үш айдағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Белсенділер бұл жұмысты қызу қарқынмен жалғастырмақ ниетте.
Аснурия Абдула