Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Өңір басшысымен кездесуге келгендер жеке мәселелерін айтып, сауалдарын жолдады. Айдарбек Сейпілұлы әр мәселенің назарда болатынын айтты. Есіл ауданының тұрғыны Алмагүл Қожахметова ауыл шаруашылығымен айналысады. Келіншектің фермасында 135 бас ірі қара мал бар. Бұдан бөлек 119 гектар егістік және 50 гектар шабындық алқабына ие. Былтыр қосымша 50 гектар жайылым жер алу үшін әйел конкурсқа қатысқан. Алайда, құжаттары дұрыс болмай жерден қағылды.
АЛМАГҮЛ ҚОЖАХМЕТОВА, Есіл ауданының тұрғыны:
– Құжаттардың барлығын жинадым. Бизнес-жоспар да құрдым. «Атамекен-Агро»-ға да барып, көмек сұрадым. Анам екеуіміз күнде 185 литр сүт сауып, тапсырамыз. Малды күтіп, баптаймыз. Өкінішке орай, конкурстан өтпей қалдым.
Айдарбек Сапаров мәселені шешу үшін бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке және аудан әкіміне бірқатар тапсырма берді. Келесі болып облыс әкімінің қабылдауына Аққайың ауданының тұрғындары Нажиба Кокиева, Любовь Павлик және Зәуреш Әубәкірова келді. Әйелдердің айтуынша, Смирново ауылында дәл үйлердің жанында кәсіпорындар орналасқан. 2019 жылы экология департаментінің мамандары елді мекенге барып, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде санитарлық қорғау аумағы орналастырылмағаны анықталды. Ауыл халқы өз денсаулығы мен өмірлеріне алаңдап осы мәселені шешуді сұрады. Облыс әкімі аталмыш сұрақтың мән-жайын анықта, тиісті шешім қабылдау мақсатында арнайы комиссия құрып, талдау жүргізуге тапсырма берді. Жалпы, бұл күні жеке қабылдауға 11 солтүстікқазақстандық тұрғын үй, жер, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік сынды мәселелерімен келді. Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров көтерілген әр мәселенің назарда болатынын жеткізді.
Гульден Симбаева