Спорт

Мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада бастау алды

Алдағы Мемлекеттік қызметшілер күніне орай сала мамандары арасында облыстық спартакиада бастау алды. Қала мен аудандардан жиылған спортшыл қызметкерлер бірінші кезеңде воллейбол мен үстел теннисінен сынға түсті.

Бірінші болып әділет департаменті мен облыс бойынша соттар әкімшісі командалары бақ таластырды. Білікті мамандар спорттан да кенде еместіктерін көрсетті. Ойын қызу қарқынмен басталды. Командалар бір-бірінің алаңына допты алма-кезек шегеше қадауда. Жақсы дайындықпен келгендері айтпаса да түсінікті. Сонымен, соттар әкімшісі мамандары озып кетті. Олар қарсыластарын 2 де 0 есебімен жеңді.

САМАТ ТӨЛЕГЕН, қалалық соттың аға сот приставы:

– Сот саласында еңбек етіп жүргеніме 10 жылға жуықтайды. Спартакиадаға жыл сайын қатысамын. Осы жолғы қарсыластарымыз мықты екен. Бірақ, біздің команда шапшаңдығымен әрі ұйымшылдығымен ерекшеленді.

Жалпы, жарыста Петропавл қаласы мен 12 ауданнан 34 команда бақ сынады.

ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Спартакиаданың бірінші кезеңі өтіп жатыр. Қатысушылар спорттың 2 түрінен – үстел теннисі мен волейболдан сынға түсуде. Келесі кезеңде ойыншылар 5 спорт түрінен жарысады.

Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиаданың екінші кезеңі мамыр айында өтеді деп күтілуде. Финалдық кезеңде жиналған барлық ұпай есептеліп, жеңімпаз анықталады.

 

Самал Жунусова