Экономика және қаржы

Брифингіде жатақхана тапшылығын жою жайлы айтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жатақхана тапшылығын жою жайлы айтылды. Спикер – Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты “Қаржы орталығы” АҚ өкілі Қайсар Төлепбаев. Елордалық мейман журналистерге 18-ші жылы енгізілген мемлекеттік механизм жайлы баян етті.

ҚАЙСАР ТӨЛЕПБАЕВ, ҚР ҒЖБМ “Қаржы орталығы” АҚ өкілі:

– Механизм аясында жұмыс қолға алынғалы Қазақстанда 40 мыңға тарта төсек-орны бар жатақхана қолданысқа берілді. Бұл жерде жүйенің ерекшелігін айта кетуіміз қажет. Қалталы азамат студенттер үйін тұрғызады немесе қайта қалыпқа келтіреді. Кейін сол нысанға білім алушылар орналастырылады. Осы сәтте мемлекет тарапынан орналасқан студенттің санына байланысты инвесторға төлем жасалады. Яғни, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүзеге асырылады.

Ескерер жайт, төлем бірреттік емес. Нысан тұрғызылса, инвесторға мемлекеттен 6 жыл көлемінде әр ай сайын қаржы аударылады. Ал қайта қалыпқа келтірілсе, мерзім 8 жылды құрайды. Енді төлемннің көлеміне көшейік.

ҚАЙСАР ТӨЛЕПБАЕВ, ҚР ҒЖБМ “Қаржы орталығы” АҚ өкілі:

– Егер жатақхана тұрғызылса, 6 жыл ішінде 195 айлық есептік көрсетіш көлемінде төлем жасалады. Яғни, биыл әр адамға 672 мың теңгеден аударылады. Ал қайта қалыпқа келтірілсе, 47 айлық есептік көрсетіш көлеміндегі сома бағытталады. Айта кетуіміз қажет, бұл – Алматы қаласынан өзге облыстарға бекітілген баға.

Елордалық мейманнан өңірімізге қатысты жоспар жайлы сұрадық. Бұл жөнінде спикердің айтары бар.

ҚАЙСАР ТӨЛЕПБАЕВ, ҚР ҒЖБМ “Қаржы орталығы” АҚ өкілі:

– Жобаның қуаттылығы 250 төсек-орынды құрайды. Жергілікті университетке тиесілі жатақхананы келесі жылы тапсыру жоспарланып отыр.

Спикер ұсынған дерекке сүйенсек, қазір елімізде 63 мыңнан астам жас жатақханаға мұқтаж. Өңірлер бойынша алсақ, бірінші орында Алматы қаласы тұр. Оңтүстік астанада 26 581 адам қажет ететіндердің тізімін құраған. Ал Солтүстік Қазақстан облысы 5-ші сатыда. Аққайыңдар өлкесінде 2800-ге жуық азаматқа студенттер үйі керек.

 

Байболат Култанов