СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен кездесті

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлға алғашқы жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір біздің облыс әлемнің 60 елімен әріптес. Соның ішінде АҚШ та бар. Бүгінгі таңда сіздермен саяси қатынастардың жоғары деңгейі қалыптасып, сақталып отыр. Сыртқы сауда жайлы айтсақ, өңіріміз бен Америка Құрама Штаттары арасындағы көрсеткіш 1,5 есеге артқан. Алайда, ақшалай түрде бұл аз. Жалпы сомма 11 млн долларды құрайды. Бұл бағытта тер төгу қажет деп санаймын. Егер сіздер жақтан ниетті инвесторлар болса, біз қарсы алып, жағдай жасауға дайынбыз. Бірге жұмыс істейік. Бізде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кен орындары сынды көптеген бағыттар бар.

Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласында бәсі жоғары екені белгілі. Тілдесу барысында Айдарбек Сапаров құрметті қонаққа Петропавлда орналасқан CLAAS компаниясының өкілдігі жайлы айтты. Мұндай кәсіпорын әлі де қажет. Аймақ басшысы өңірдің John Deere техникасын ірі торапты құрастыру зауытын ашуға мүдделі екенін атап өтті. Аталған маркадағы техника жергілікті фермерлер арасында зор сұранысқа ие.

ДЭНИЕЛ РОЗЕНБЛЮМ, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Мен өңірлеріңізде американдық техниканың зор сұранысқа және жергілікті фермерлердің жоғары бағасына ие екеніне өте қуаныштымын. Сіздің бастамаңыз бойынша өкілдік аша аламыз деп үміттенемін. Астанадағы елшілікке оралғасын, АҚШ-тың сауда министрлігіне қарасты халықаралық коммерциялық қызметіндегі әріптестеріме хабарласамын. Олармен Солтүстік Қазақстан облысына John Deere өкілдерін тарту үшін қандай мүмкіндіктер барын қарастырамыз.

Дэниел Розенблюм облыс әкімімен кездесер алдында Қозыбаев университетінде болыпты. Мейман білім ордасында жергілікті және Аризона университетінің дипломын алатын жастармен тілдескен. Елші студенттердің даярлығына жоғары бағасын беріп отыр. Өз кезегінде Айдарбек Сапаров Петропавлда шетелдік оқытушылар үшін үй салу жоспарда барын айтты. Өңір жетекшісі жобаға қаражат бөлу үшін бейінді министрлікке жүгінбек.

 

Байболат Култанов