Sailau banner

Мәдениет

Жергілікті би ұжымдары халықаралық байқауларда топ жарды

Жергілікті «Экспромт» халық би театры Астана қаласында өткен халықаралық хореографикалық байқауда топ жарды. Конкурс Қырғызстан, Ресей мен Қазақстанның әр аймағынан келген 3 мың қатысушының басын біріктірді. Теріскейлік жас таланттар 60-қа тарта ұжымды артқа тастаған. Қоржынға байланғаны – 2 бас жүлде, 3 бірінші орын және 1 екінші орын.

МАРИНЕЦ АЛЕНА, “Экспромт” халық би театрының жетекшісі:

– Біз «Қысқы ұйқы», «Космо-диско», «Сыйлық», «Туған күніңмен», «Бақыт» деген сюжеттік билерімізді ұсындық. Өнер адамына актерлік шеберлік, орындау техникасы, бидің қойылуы, әуендік әсемдеу, костюм сынды дүниелер жақсы таныс. Міне, осылардың барлығы байқаудағы 10 балдық бағалау жүйесінде есепке алынады. Біз қазылардың жоғары бағасына ие болдық.

Жергілікті «Звонница-Наследие» ансамблі де жерге қаратпады. Аталған ұжым Түркістан қаласында өткен «Жұлдыз Арт Қазақстан» байқауында айды аспаннан бірақ-ақ шығарды. Жас ерекшеліктері бойынша сынға түскен 2 құрам да бас жүлдені жеңіп алды.

ЛЮБОВЬ САЙФУДИНОВА, «Звонница-Наследие» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Біз тыңғылықты дайындалдық. Халық биі мен әнді қатар орындау оңай шаруа емес. Бірақ, жас өнерпаздарымыз жоғарғы деңгейде өнер көрсете алды. Қазылар алқасы біздің тобымыздың дауыс тазалығы, кәсібилік, ұлтық жанрды көрерменге жеткізе білуі, сахнада өзін-өзін ұстау сынды қасиеттерін атап өтті. Мақтау сөздерді естігенде төбеміз көкке жетті.

Халықаралық байқаудан олжалы оралған тағы бір ұжым – «Движение» ансамблі. Бұл топ Ташкент қаласында өткен «Наурыз фест» конкурсында көрерменді тәнтті етті. Жергілікті таланттарға 2 бірдей бас жүлде бұйырды.

ЕКАТЕРИНА ПЕРШИНА , «Движение» ансамблінің бишісі:

– Маған Ташкентке жасаған сапарымыз өте ұнады. Мен әрдайым махаббатпен билеймін. Бидің әр қимылын сезінуге тырысамын. Сол себепті, сайыс айтарлықтай қиындық тудырған жоқ. Жетістікке қуаныштымыз.

Жергілікті би ұжымдары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы байқауларға дайындықты бастап кетті.

 

Аснурия Абдула