Sailau banner

Білім

Ұстаздар арасында облыстық Мағжан оқулары өтті

Мұғалімдер арасында облыстық «Мағжан оқулары» ғылыми-зерттеу олимпиадасы өтті. Шығармашылық сайысқа өңіріміздің 22 ұстазы қатысты. Олар 3 номинция бойынша бақ сынасуда. Нақтылай кетсек, Мағжан шығармаларын филологиялық тұрғыдан зерттеу, тұлғалық болмысы мен шығармашылығын тарихи контексте зерттеу және Мағжан Жұмабаевтың мұрасын педагогикалық тұрғыдан зерттеу.

Қазылар алқасына өз зерттеу жұмысын таныстырғандардың бірі – “Қызылжар Абай” орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Перизат Молдағожина. Педагог қазіргі жастарға Мағжан тәлімін түсіндірудің тәсіліне тоқталды.

ПЕРИЗАТ МОЛДАҒОЖИНА, “Қызылжар Абай орта” мектебінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Қазіргі кезде Мағжан шығармаларынан басқа, әдеби тілде жастар арасында сөйлеу азайып келе жатыр. Яғни, қазақ тіліндегі көркем әдеби шығармаларының мағынасын жастар жетік түсіне алмай жүр. Сондықтан, мен Мағжан шығармаларына көркемдік талдай жасай отырып шығармаларының мағынасын, мәнін жастарға жеткізуді мақсат еттім.

Бұл дода мұғалімдер арасында бірінші рет өтіп жатыр. Мақсат – педагогтардың ғылыми-зерттеушілік әлеуетін дамыту, шығармашыл ұстаздарға қолдау көрсету.

ГҮЛДАРАЙ ҚАЙНЕТОВА, “Қызылжар Абай” орта мектебі директорының орынбасары:

– Бұл байқаудың маңызы бар. Өйткені, бүгінгі күні мектеп мұғалімдерінің пәндік білімдерін, жалпы ғылыми зерттеуге деген ынталарын байқауға болады. Облыстық Мағжан оқуларының алдында барлық аудандарда осы оқулар өткізілді. Сол аудандық Мағжан оқуларының жеңімпаздары бүгінгі байқауға келіп отыр.

Алдағы уақытта педагогтар арасында Мағжан оқуларының республикалық кезеңі ұйымдастырылады.

 

Гульден Симбаева