Sailau banner

Мәдениет

Петропавлда Максим Аммосов туралы халықаралық конференция өтті

Аңыз адам – Максим Аммосов. Бүгін Оқушылар сарайында Якутия мен Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткеріне арналған халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстан мен Қырғыстанның ғалымдары және Саха Республикасынан арнайы келген делегация қатысты.

АННА АТЛАСОВА, Мемлекеттік жиналыс төрағасының кеңесшісі, Саха Республикасы:

– Максим Кировичтің ғұмыры қысқа болса да ол қоғам үшін көп пайдалы іс атқарып үлгерді. Якутияда Максим Аммосовтың есімі берілген университеттер, көшелер бар. Якут автономиясының жетекшісі болды, 1934 жылы Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы болып тағайындалды.

Максим Аммосов Қазақстанға 1932 жылы жіберілді. Қазақ тілін жетік білген. Сондай-ақ, қазақ халқының жаппай қырылуына алып келген ұжымдастыру саясатына қарсы тұрған. Елімізге келген жылы Голощекинге Батыс Қазақстан облысына ашаршылыққа ұшыраған халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектесу туралы өтініш жазған. Әрбір шаруашылықтағы мал санын 4 есе көбейту үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдаған. Соның арқасында 20 мыңнан астам отбасы елге оралды. Максим Аммосовтың жиен немересі Яна Корякинаның айтуынша, Максим Кирович қазақ даласын жақсы көріп, қазақ халқына құрметпен қараған екен.

ЯНА КОРЯКИНА, Максим Аммосовтың жиен немересі, Саха Республикасы:

– Менің атам мен Максим Кирович туған ағайынды болған. Оны көзі тірісінде көре алмадым. Ол жайлы тек әңгімелер естідім. Максим Аммосов саяси себептермен репрессияға ұшыраған. 37-ші жылы қамауға алынып, кейін Мәскеудегі түрмеге жеткізіледі. 38-де ату жазасына ұшырайды. Біз ол туралы құжаттарды көздің қарашығындай сақтап жүрміз.

«Максим Аммосов – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері» атты халықаралық конференцияда Максим Аммосовтың өмір жолы ғана баяндалып қоймай, оған арналған көрме де қанат жайды. «Аңызға айналған Максим» көрмесін облыстық архив қызметкерлері дайындады.

ЗӘМЗӘГҮЛ ЗАКИРИНА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің архивисі:

– Көрмедегі құжаттар алғаш рет ұсынылып отыр. Тіпті, қарапайым жұмысшылармен алмасқан хаттары бар. Бұл оның әрбір жанға көмектескісі келгенін көрсетеді. Халықты әрдайым қолдайтын адам болған.

Көрмеде Максим Кировичтің өмірі мен қызметі туралы фотоқұжаттар, жеке ісі, ол жайлы мақалалар ұсынылды.

 

Самал Жунусова