Sailau banner

Спорт

Петропавлда гір көтеруден ел чемпионаты өтуде

Білекті спортшылар Петропавлда бақ сынауда. Бүгін облыс орталығында гір көтеруден ел біріншілігі бастау алды. Бәсі биік бәсекеге Қазақстаның түкпір-түкпірінен 350-ге тарта саңлақ жиылды. Жарыс фовариттерінің бірі – Қостанай облысы. Көршілес өңірдің спортшылары өздерінің мықтылықтарын дода бастала сала көрсетті. 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша ортаға шыққан қыздар арасында Екатерина Литвинова басым түсті. 16 келілік қос гірді ол 63 рет көтерді.

ЕКАТЕРИНА ЛИТВИНОВА, жарысқа қатысушы, Қостанай облысы:

– Аса қатты күш салмадым. Себебі, әлі сынға түсемін. Ертең 24 келілік гір тасын көтермекпін. Соған күшімді сақтадым. Спорттық маңсабыма келер болсам, өзім халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Әлем чемпианатында және 5 рет Азия біріншілігінде топ жардым. Қазақстан чемпионатында біраздан бері бас жүлдені ешкімге бермей келемін.

Ақтөбе облысының қыздары да шеберлігімен көпшілікті тәнті етті. Ортаға шыққан 4 бұрымдының екеуі – ақтөбелік. Бірі – 68, ал екіншісі одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Нәтижесінде мықтыны қос спортшы өзара анықтады. Тартысты сайыста Нарғыз Бекежан командаласынан бір ұпайға басым түсті. Ол гір тастарын 116 рет көтерді.

НАРҒЫЗ БЕКЕЖАН, жарысқа қатысушы, Ақтөбе облысы:

– Басында бұл қыз баласына арналмаған спорт түрі деп ойладым. Кейін бір рет жарысқа шықтым. Онда медаль алдым. Ол менің бұл спортқа деген құлшынысымды арттырды. Содан алға ғана ұмтыламын деп мақсат қойдым. Петропавлдағы жарыс өте жақсы өтуде. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Бұл чемпионатқа жасөспірімдер мен жастардан бөлек, ардагер спортшылар да қатысуда. Жас ерекшеліктері мен салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтылардың барлығы ертең анықталады.

ҚҰРМАНҒАЛИ БАТЫРБАЕВ, ҚР гір спорты федерациясының вице-президенті:

– Елімізде жылдан жылға гір спорты дамып келе жатыр. Әсіресе, жастар арасында. Бұл жарыс бір жағынан іректеу деп санаймыз. Мамыр айының 4-і мен 7-сі аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында Азия чемпионаты өтеді. Бүгінгі додадағы 1-ші және 2-ші нөмірлер сол жарыста ел намысын қорғайды.

Бүгін спортшылар гір тасын жұлқа көтеріп жарысуда. Ертең серпе көтеру сайысында мықтылар анықталмақ.

 

Алдияр Айтпаев