Sailau banner

Білім

Колледж мамандары оқушылармен жүздесті

Наубайшы, аспаз, шаштараз, тігінші. Осы мамандық иелері атанам деушілерге Искандер Даутов атындағы Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің есігі ашық. Қазіргі таңда білім ұясының өкілдері мектеп түлектері арасында үгіт-насихат жүргізуде. Сондай жиынның біріне 3 мектеп шәкірттері қатысты. Оның біреуі – Аққайың ауданындағы Тоқыш мектеп-гимназиясы.

Ортада тәті тағамдарды безендіруші – Наталья Лошкарева. Ол оқушыларға бәліштерді қалай жасау керектігін үйретуде. Бұл іске қызығушылық танытқан ұл-қыздар да қатысты. Тоқыш мектебінің оқушысы Анастасия Данилова 9-шы сыныпты тәмәмдағаннан кейін аспаз мамандығына түсуді жоспарлап отыр.

АНАСТАСИЯ ДАНИЛОВА, Тоқыш мектеп-гимназиясының оқушысы, Аққайың ауданы:

– Аспаз ең алдымен ұқыпты және оның есте сақтау қабілеті жақсы болуы керек. Үйде қандайда да бір мереке болған кезде тәтті тағамдарды дайындауға тырысамын. Бұған дейін шаштараз болуды армандайтынмын. Енді аспаз болсам деген ниетім бар.

Шара барысында өзге мамандық иелері де білген-түйгендерін көрсетті. Кейін балалар акт залына кіріп, колледж жайлы мағлұмат алды. Түлектердің жетістіктерімен де танысты. Айта кетейік, Искандер Даутов атындағы Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжі 1930 жылы ашылған.

ЖҰЛДЫЗ ИСКАКОВА, Искандер Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі директорының орынбасары:

– Түлектеріміз коллежді аяқтағаннан кейін біз оларды жұмысқа орналастырамыз. Мысалы, студент қай жерде тәжірибеден өтті, сол жерге әлеуметтік серіктестеріміз жұмысқа қабылдайды. Маусымның 20-нан бастап тамыздың 20-на дейін қабылдау бөлімі жұмыс істейді.

Қазіргі таңда колледжде 350-ге жуық студент білім алуда. Оның 100-і биыл қолдарына диплом алмақ.

 

Гульден Симбаева