Sailau banner

Қоғам

Тұрғындарға су тасқыны кезіндегі ережелер түсіндірілуде

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары Былғары зауыты кентінде жүр. Мақсат – әр үйдің есігін қағып, иелерімен көзбе-көз жүздесіп, тасқын кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру. Өйткені, күн күрт жылып, қар жылдам еріп жатыр. Үй маңындағы қар да уақытында шығарылмаса, ол да еріп, салдар соқпақты болуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін не істеу қажет? Бәрі мамандардың қолдарындағы жадынамаларда жазылған. Қала тұрғыны Вадим Табеев тасқынға қарсы шараларға баса мән береді. Жауған қарды уақытында тазалап отырады.

ВАДИМ ТАБЕЕВ, қала тұрғыны:

– Күн жыли бастаған кезде ауланы қардан тазалап тастадым. Себебі, еріген кезде үйге кіруі мүмкін.

Облыс орталығында 3 ауданды су басу қаупі бар. Олар: Былғары, Заречный кенттері мен Ойқала шағын аудандары. Мамандар саяжайларды да аралап жүр. Жолықтырған адамға қауіпсіздік шараларын түсіндіруде.

ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ офицері:

– Ең бірінші, аумақты қардан тазалау. Үйдегі бар құнды затты жоғары қою керек. Тексеріс кезінде жиі кездескен жайт – аймақты қардан тазаламау. Ағып жатқан бөгендерді қоқысқа толтыру.

Жалпы, мұндай рейдтік шара ақпанның 15-сінен бері жүргізіліп жатыр. Шараға 10-ға жуық адам тартылған.

 

Гульден Симбаева