Sailau banner

Қоғам

Түзету мекемесінде кісі өлтірген қылмыскер 14 жылға сотталды

Айыртау ауданындағы түзету колониясында кісі өлтірген солтүстікқазақстандыққа қатысты бүгін сот үкімі шықты. Естеріңізге сала кетейік, оқиға өткен жылдың 9-шы қарашасында Новоукраинка ауылындағы №51 қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде болды. Жазасын өтеуші Константин Пешков балғамен 46 жастағы ер адамның басынан ұрып, құлатады. Тағы бірнеше соққы жасайды. Ал сол жерде тұрған колония қызметкерлері араға түсуге асықпаған. Жәбір көрген жазасын өтеуші аудандық ауруханада ес жимастан көз жұмды. Бүгін сотта бірінші кезекте айыпталушыға сөз берілді. Константин Пешков жазадан жалтармайтынын айтты.

КОНСТАНТИН ПЕШКОВ, сотталушы:

– Мұндай әрекетке баруыма не түрткі болғанын білмеймін. Оқиға орын алған жерге қалай барғаным есімде жоқ. Қылмыс жасағанымды бейнебақылау камерасынан көрмесем, ондай әрекетке барғаныма сенбес едім.

Медициналық сараптама жүргізілген. Зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша Константин Пешковтың бойынан ешқандай ауытқу анықталған жоқ. Сот осыны және куәгерлердің берген түсініктемесін ескере отыра үкім шығарды.

ӘБДІКАХХАР ЕРКЕБАЕВ, СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы:

– Сот айыпталушыны кінәлі деп таныды. Ол ҚР ҚК 99 бабының 1-ші тармағы бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл мерзімге бұған дейінгі жасаған қылмысы үшін тағайындалған мерзімнің қалған екі жылы қосылады. Константин Пешков жазасын 2022-ші жылдың 9-ші қарашасынан яғни, қылмыс жасаған күнінен бастап өтейді.

Соттың бұл шешімімен Константин Пешков келіспейді. Айыпталушы алдағы уақытта істі қайта қарауды сұрады.

ЖАННА БАЙМЕНДИНА, Константин Пешковтың адвокаты:

– Константин Пешков сот процесімен түбегейлі келіспейді. Оның қылмыс жасағаны бір минуттық бейнежазбамен ғана расталып тұр. Ал түнгі уақытта жататын жерінен қалай шығып, басқа учаскеге қалай барғаны, балғаны қалай және қайдан алғаны белгісіз. Ол уақытта барлық камералар жұмыс істемеген дейді. Бұл қатаң тәртіптегі түзету мекемесі емес пе? Онда ауыр қылмыс жасағандар отыр ғой. Камера қалайша жұмыс істемейді? Қорғалушымның айтуынша балға сынды заттар ашық қолданыста болған. Құралдарды кез келген жазасын өтеуші ала берген.

Айта кетейік, өз жазасының алғашқы 3 жылын Константин Пешков Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» деп аталып кеткен ерекше режимдегі түзету мекемесінде өтейді.

 

Алдияр Айтпаев