Sailau banner

ТЖ

СҚО-да биыл өрттен 10 адам қаза тапты

Облыста жыл басынан бері 108 өрт оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға азайыпты. Өкінішке қарай, тілсіз жаудың салдарынан 10 адам қаза тапқан, 3 тұрғын түрлі дене жарақатын алған. Бұл жайында ТЖД-да өткен брифингіде айтылды. Мамандардың сөзінше, тұрғындар қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарайды

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Оқыс оқиғалардың 76 пайызы жеке секторға тиесілі. Негізгі себептері – электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, пешті қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Күн жылынды, дегенмен, тұрғындардың дені әлі пеш жағады. Осы орайда қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарамауларын сұраймын.

Сонымен қатар, Дмитрий Растихин күннің жылынуына байланысты табиғатта орын алатын төтенше жағдайлар артатынын атап өтті. Оған былтырғы статистика дәлел.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Былтыр өрттердің дені далада жатқан құрғақ шөптен басталып, үйлерге тарап кеткен. Мәселен, Қапай ықшам ауданында болған өрт салдарынан 10 көлік жойылды. Сондай-ақ, өткен сәуір айында Заречный кентінде ірі өрт болды.

Былтыр облыста 200-ден астам саяжайға зақым келді, тағы 85-сі толығымен жанып кеткен. Өрт сөндірушілер саяжайлар мен жеке үй иелеріне өрт қаупі басым кезеңде құрғақ шөп пен өзге де қалдықтарды жағуға тыйым салынғанын еске салады. Ол үшін жауапкершілік қарастырылған.

 

Самал Жунусова