Sailau banner

Қоғам

Өңірде биыл 10 интернет-алаяқ ұсталды

Банктен қоңырау шалу, жалған сатып алушы немесе сатушы. Бұл интернет-алаяқтықтың соңғы уақытта ең көп тараған түрі. Қазіргі таңда күнделікті 4 адам желі пысықайларына жем болуда. Өткен жылғы статистикаға көз жүгіртер болсақ, былтыр 1 мыңға тарта солтүстікқазақстандық сан соққан. Келтірілген шығын көлемі бақандай 2 млрд теңге. Қазіргі таңда қулығына құрық бойламайтындарға қарсы күрес жүргізілуде. Бүгін бұл жұмыстар облыстық прокуратура қабырғасында баян етілді.

ҒАНИ ЖАЛБИ, СҚО прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының бастығы:

– Былтыр және биыл өңірде интернет-алаяқтыққа барған 130 адам жауапкершілікке тартылды. Ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, соған қарамастан өңір тұрғындары осындай қуларға тап болуда. Бір айда 50-ден 80-ге тарта адам алданады. Тұрғындар соңғы тиын-тебенінен, кейбірі үйі мен өзге де мүлкінен айырылып қалып жатыр.

Статистикаға сүйенсек, сан соққан жерлестеріміздің дені отбасылы, 32 мен 40 жас аралығындағы жандар. Орта, жоғары білімді және жұмыспен қамтылғандар арасында да тұзаққа түсіп жатқандар жетерлік. Айта кету қажет, алаяқтарды ұстау қиын екен. Себебі, пысықайлардың кейбірі арам ойларын өзге мемлекетте отырып, қашықтықтан жүзеге асырады.

АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:

– Өткен жылдың қорытындысына сәйкес интернет-алаяқтық 12% пайызға өсті. Осыны ескере отырып, облыс прокуратурасының бастауымен құқық қорғау және жергілікті органдармен алдын алу жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде ағымдағы жылы бұл қылмыстың түрі 17%-ға төмендеді.

Биыл 101 жерлесіміз интернет-алақтыққа тап болыпты. Келтірілген шығын көлемі – 108 млн теңге. Айта кетейік, жыл басынан арам пиғылды 10 адам қолға түскен.

 

Алдияр Айтпаев