Sailau banner

Қоғам

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту

Бұл – «Көмек» деп аталатын түзету-дамыту орталығы. Қазір 6-7 жас шамасындағы баламен логопед айналысып жатыр. Негізі, мұнда ерекше қажеттіліктері бар балғындар келеді. Олармен мамандар жан-жақты жұмыс істейді. Ұйым жетекшісі Ғалия Баязитованың айтуынша, орталық аутизм, дамуында ауытқуы бар дертіне шалдыққан балаларға арналып 7 жыл бұрын ашылған.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, «Көмек» тренинг орталығының жетекшісі:

– Қазіргі уақытта орталықта 150-ден астам балаға көмек көрсетілуде. Тағы 100-ден астам бүлдіршін резервте күтіп тұр. Жұмыс оңай емес, себебі, әр түрлі бағытты көздейді. Біріншісі, түзету-дамыту бағытындағы психологиялық-педагогикалық түзету, әлеуметтік-педагогикалық түзету, дефектология, адаптивті дене шынықтыру жағынан жұмыс істеу. Негізгі мақсатымыз – балаларымызды психологиялық жағынан дамыту, қоғамға бейімдеу.

Жыл сайын орталықтың көмегіне көп ата-ана жүгінеді. Осы ретте Ғалия Баязитова ұйымды кеңейтуді жоспарлап отыр. Кеңейтіп қана қоймай, оны тиісті түрде жабдықтау керек. Бұл мәселелер әлеуметтік кәсіпкерлердің реестріне тұрған жағдайда шешіледі. Яғни, алдағы уақытта мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетіледі.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, «Көмек» тренинг орталығының жетекшісі:

– Негізгі мәселелеріміз – жеке ғимарат алу, сенсорлы бағыттағы бөлмені жабдықтау. Бұл проблемалар көп қаражатты қажет етеді. Біз әлеуметтік кәсіпкер бағытында реестрге тұруды мақсат еттік. Біздің жағдайымыз жақсарады деген үміттеміз. Ал баға бүгінгіден де төмен болуы мүмкін.

Өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерлерді тиісті реестерге енгізу мәселесі арнайы комиссияның отырысында қаралды.

ТИМУР БЕКЕЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– 2021 жылдың қараша айында ҚР Президентінің тапсырмасымен елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша арнайы қаулы бекітілді. Әлемде бұл тәжірибе кеңінен қолданылып жатыр. Оның негізгі бағыты – жеке кәсіпкерлерді әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға тарту. Мемлекет тарапынан қаржыландыру түрінде көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, екінші деңгейдегі банктер арқылы 23 пайыздық несие алуға болады, оның 16 пайызын мемлекет субсидиялайды, қалғанын кәсіпкер өзі төлейді.

Комиссия отырысында аталған тізілімге 2 кәсіпкер қосылды. Сонымен, реестерде 6 солтүстікқазақстандық әлеуметтік кәсіпкер бар. Оның біреуі – Ғалия Баязитова.

 

Самал Жунусова