ҚоғамЭкология

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының алқа отырысы

Облыстық әкімдік қабырғасында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының алқа отырысы өтті. Жасыл желекке бай өңірде атқарар шаруа да ауқымды. Жауапты іспен сала өкілдері күн-түн демей айналысып жатыр. Бұл жайлы мінберге шыққан басқарма басшысы Бейбіт Исманов баян етті.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Басқарманың қарамағында 12 орман шаруашылығы мекемесі және «Красный бор» жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі 1 шаруашылық бар. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы ауданы 549,5 мың гектарды құрайды. 2021-2022 жылдары облыс бойынша орман орналастыру жұмыстары жүргізілді.

Орман орналастыру – жауапты әрі ауқымды жұмыс. Мемлекет басшысы 2 млрд ағаш отырғызу жөнінде тапсырма бергені мәлім. Осы тапсырманы орындау аясында былтыр өңірде 6,9 млн көшет егілді. Жоспар ауқымды. Сала өкілдерінің күшімен 5 жыл ішінде аққайыңдар өлкесіндегі 20 мың гектар жерде 100 млн түп жасыл желек пайда болмақ. Бұл байлықты көздің қарашығындай сақтау – тағы бір міндет. От – басты жау. Өткен жылы аймақта 34 орман өрті тіркеліпті.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– За нарушения правил пожарной безопасности привлечено к административной ответственности 49 нарушителей, на которых наложены штрафы в сумме 1 млн тенге.

Алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев төрағалық етті. Ол жауапты сала өкілдеріне оттың залалын айта келе, өзекті мәселені ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Саладағы тағы бір проблема – ауаның адам кесірінен ластануы. Қанша айтылғанымен, қоғамның қоршаған ортаға деген мәдениеті қалыптасар емес. Тасталған қоқыс, кәсіпорындардан таралған қалдықтар. Бұл – ластануға себепші факторлардың бір бөлігі ғана.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

– 2022 жылы өңірде 59 тексеріс жұмысын жүргіздік. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 138 бұзушылық анықталды. Оның 82-сі “өрескел” статусына ие. Тіркелген заң бұзушылықтар бойынша 40 млн теңгеге тарта айыппұл салынды. Бүгінгі таңда аталған сома толық көлемде өндірілді.

Азамат Бектасовқа да тапсырма жүктелді. Өңірдің бас экологына Сәтжан Аблалиев заңсыз қоқыс үйінділерін уақытында жоюды және қалдықтарды сұрыптау ісін оң жолға қоюды тапсырды. Жиында Соколов орман шаруашылығының директоры Назар Қапаров та сөз алды. Оны аудандағы кадр тапшылығы мәселесі алаңдатады. Айтуынша, қазір салаға жастар аса қызыға қоймайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – ауылды жерлерде қызметтік тұрғын үйдің жоқтығы.

НАЗАР ҚАПАРОВ, Соколов орман шаруашылығының директоры:

– Сол күрделі болып тұр. Сосын жалақы аз. Осындай мәселеміз бар.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл мәселені шешуіміз керек. Қарау қажет.

Басқарма басшысы Бейбіт Исманов мәселені “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы шешуді ұсынды. Алайда, бұл жобаға қаузалған салаға қатысты мамандықтар кіргізілмепті. Жергілікті билік алдағы уақытта түйткілмен бейінді министрлікке жүгінбекші.

 

Байболат Култанов